МТРА жаңалықтары

Сауда нарығына тыңнан қосылған серіктестіктің тынысы

Сауда нарығына тыңнан қосылған серіктестіктің тынысы. Ағымдағы жылдың наурыз айында Петропавлда “Mix Universal” атты кәсіпорын жұмысын бастады. Қазіргі таңда бұл өндіріс ошағы құрғақ құрылыс қоспаларының 8 түрін әзірлейді. Тәулігіне 50 тонна өнім шығаруға қауһарлы.

ӘДІЛЕТ ӘЛІБЕКОВ, “Mix Universal” ЖШС директоры
–  Кафельге арналған желім, гипстік сылақ сынды құрылыс материалдарын шығарамыз. Біздің тауарлар басқа өндірушілердікіне қарағанда 30-40% арзан. Оның өзіндік себебі бар. Өнім шығаруға арналған шикізатты біз өзіміз дайындаймыз. Қазіргі таңда Петропавлдағы “Основание”, “Зерттеу” сынды үлкен серіктестіктермен әріптеспіз.

Серіктестік мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ағымдағы жылы кәсіпорын өндіріс ауқымын кеңейтпек. Зауытта газоблок та шығару жоспарланып отыр. Соның арқасында қосымша 70-ке жуық адам еңбекпен қамтылмақ.

Айта кеткен жөн, қазіргі таңда өндіріс ошағында 6 адам тер төгуде. Солардың бірі – Азамат Арғынбаев. Тараздың тумасы серіктестікте оператор болып қызмет етеді.

АЗАМАТ АРҒЫНБАЕВ, “Mix Universal” ЖШС операторы
– Осыған дейін мен “Қызылжар су” серіктестігінде жұмыс істедім. Онда да операторлық қызметті атқардым. Мұндағы жұмыс таңғы 9-да басталады. Кешкі 6-ға дейін жалғасады. Жалақысы жақсы. Жұмыс қиын емес.

Өндіріс ошағын ашуға серіктестік басшысы өз қалтасынан 70 млн теңге қаржы бағыттапты. Зауыттағы құрал-жабдықтар Қытайдан жеткізілген.


Алдияр Айтпаев