Спорт

Шағын футболдан оқу-жаттығу сабақтары өткізілуде


Балаларды салауатты өмір салтына баулу. Жайдарлы жаз мезгілінде қаламыздың 15 тұрғын үй ауласында шағын футболдан оқу-жаттығу сабақтары өткізілуде. Шеберлік шыңдап, биік белестерді бағындыруды армандап жүрген жеткіншектер бүгін бір алаңда бас қосты. Мұнда 3 команда өзара мықтыны анықтамақ.

Ортада – “Ойқала” шағын ауданының және Хименко, 2 мекен жайы бойынша тұратын балалар. Соңғысының сапында Сергей Закиров өнер көрсетеді. Қорғаныста ойнайтын жеткіншектің футболмен айналысып жүргеніне 3 жылдан асыпты.

СЕРГЕЙ ЗАКИРОВ
– Командамыздың атауы – “Мұрагер”. 2 күнде 1 рет бапкердің нұсқауымен жаттығу жасаймыз. Әр кеш сайын өзіміз де жиналып, доп тебеміз. Матчтың алғашқы таймы аяқталды. Әзірге 2 де 1 есебімен алда тұрмыз. Осы басымдықты ойынның соңына дейін ұстау қажет.

“Мұрагерліктерге” лайықты қарсылық танытып жатқан “Метеор” командасы осыдан 5 жыл бұрын құрылыпты. “Ойқала” шағын ауданының ұжымы аптасына 3-4 рет жаттығу жасап, жарыстарға дайындалады екен.

АРЫСТАН ЖАҚЫПБЕКОВ
– Бұл спорт түрі маған қатты ұнайды. Өзімнің інім де футболмен айналысады. Күнделікті жаттығудан бөлек, көрші аулалардың балаларымен жолдастық кездесулер өткіземіз. Бүгінгі жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Екінші таймда есе қайтаруға тырамыз.

Мұндай спорттық іс-шара шаһарда осыменен екінші жыл қатарынан өткізілуде. Бұл бастаманы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі қолға алыпты.

ДАНИЯР ЖОЛДАСПАЕВ, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары
–  21-ші маусым күні басталған оқу-жаттығу сабақтары тамыздың 30-ына дейін жалғасады. Оған 10 мен 15 жас аралығындағы балалар қатысып жатыр. Командалар арасындағы жолдастық кездесулер жұма сайын өткізіледі. Басты мақсатымыз – жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулу. Өткен жылы өздерін жақсы қырынан көрсеткен футболшыларды арнайы орталықтарға жібердік.

Тамыздың 26-сы мен 27-сі күндері жазғы оқу-жаттығу сабақтарымен қамтылған барлық 15 команда арасында “Динамо” стадионында финалдық кездесулер өтеді. Айта кетейік, қазіргі таңда қаламызда 85 футбол алаңқайы бар. Оның 45-і тұрғын үй аулаларында орналасқан.


Алдияр Айтпаев