Мамлют ауданында тауарлы-сүт фермасы салынып жатыр

МТРА жаңалықтары

18:12 18 Тамыз 2022

Ауылдағы ауқымды жұмыс! Мамлют ауданындағы «Әйтеке-БИ СК» серіктестігі Калугино елді мекенінде тауарлы-сүт фермасын салынып жатыр. Болашақ өндіріс орны 600 шетелдік ірі қараға шақталған.

АСҚАР МӘДИЕВ, «Әйтеке-БИ СК» ЖШС директоры, Мамлют ауданы:
– Германиядан 612 бас ірі қара әкелдік. Міне, бүгін 105 тұяқтыдан тұратын соңғы партия жеткізілді. Оларды карантиге қоямыз. Бұған дейінгі 507 бас біздің жіті бақылауымыз болып, жақында жалпы алаңға жіберілді. Малға азық әзірленіп жатыр. Биыл 1,5 мың гектар жер бөліп, арнайы шөп өсірдік. Сонымен қатар, Мамлют ауданында 7 мың гектар егіс жеріміз бар.

«Әйтеке-БИ СК» серіктестігі малды 500 миллион теңгеге сатып алыпты. Қомақты қаржыны “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” берген. Ал тауарлы-сүт фермасы агроқұрылымның өз ақшасына салынып жатыр. Өңір үшін аса маңызды жобаның құны 1,7 млрд теңгені құрайды. Құрылыс алаңындағы материалдың барлығы – отандық. Цемент, қиыршық тас пен металл көршілес орналасқан облыстардан жеткізіліпті. Кірпіш өзіміздікі. Серіктестік өкілдері нарықты, сапаны зерттей келе, жергілікті өнімге таңдау жасаған екен. 1-ші маусымда бастау алған ауқымды жұмыс алдағы күзде соңына жетпек.

АСҚАР МӘДИЕВ, «Әйтеке-БИ СК» ЖШС директоры, Мамлют ауданы:
– Швецияда жасалған «Ёлочка» сауын қондырғысын сатып алдық. Онда бір уақытта 32 бас сауылады. Сонымен қатар, әрқайсысы 8 тонналық 2 салқындатқыш резервуар әкелдік. Еуропалық стандартқа сай келетін зал толығымен автоматты режимде жұмыс істейтін болады. Бұл – біздің 3-ші тауарлы-сүт фермамыз. 400 басқа шақталған бірінші өндіріс ошағын 2012 жылы «Петерфельд-Агро» серіктестігінде аштық. Екінші нысан да аталған агроқұрылымда тұрғызылды. Бірақ, ол 600 басқа шақталып салынды. Міне, алдағы күзде үшінші ферманы іске қосамыз.

«Әйтеке-БИ СК» серіктестігінің басшысы сүт-тауарлы ферма ашылғасын 20 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.


Байболат Култанов

Бұдан әрі оқыңыз

МТРК жаңалықтары 29.09.2022
Новости МТРК 20.09.22
«Шұғыл шақырту» бағдарламасы 01.10.2022
МТРК жаңалықтары 03.10.2022
МТРК жаңалықтары 28.09.2022
МТРК жаңалықтары 14.09.2022
МТРК жаңалықтары 04.10.2022