Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан адамдардың саны артуда. Өткен тәулікте елімізде 800-ге жуық адам науқастанып қалған. Соның екеуі – солтүстікқазақстандық. Дәрігерлер тұрғындарға барынша көмек көрсетіп жатыр.
МАРИЯМГҮЛ СӘРИЕВА, №3 қалалық емхана отбасы денсаулығы орталығының жалпы тәжірибедегі дәрігері:
– Қазір үйде 20-30 адамдай емделіп жатыр. Жағдайлары ауыр болып жатса, ауруханаға жібереміз. Біздің емхана бойынша 10 шақты адам ауруханада ем алып жатыр.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу қажет. Яғни, қазір барынша күтіну керек. Бетперде тағу, қоғамдық орындарға бармау, екпе алу. Соңғысы бойынша толығырақ баяндайық. Қазір №3 қалалық емханада қайта вакциналауға арналған “Pfizer”-дің 30 дозасы және қытайлық “Vero Cell А”-ның 416 дозасы бар. Ал отандық “QazVac” мекемеге қыркүйек айында әкелінбек.
МАРИЯМГҮЛ СӘРИЕВА, №3 қалалық емхана отбасы денсаулығы орталығының жалпы тәжірибедегі дәрігері:
– Иммундау шарасын 2021 жылдың ақпанынан бастадық. Біраз кісіге вакцина қойдық. Соның арқасында қазір індет жеңіл түрде өтуде.
Бүгінгі күнге дейін №3 емханада тіркеуде тұрған халықтың 58% астамы қайта вакциналанған. Бұл шамамен 15 мың адамды құрайды.
Гульден Симбаева