МТРА жаңалықтары

Үкімет мектеп формасы мен кеңсе тауарларының бағасын бақылауда ұстайды

Премьер-Министр мектеп формасы мен кеңсе тауарларының бағасын ұстап тұруды тапсырды. Әлихан Смайыловтың әлеуметтік желідегі жазбасына сүйенсек, баға саясатына әлемдік логистиканың қымбаттауы, шикізат пен қызметтердің құны тікелей әсер етеді. Бірақ Үкімет пен әкімдіктерде қазақстандықтар үшін қаржылық шығындарды жеңілдетуге мүмкіндік беретін механизмдер бар. Индустрия, Сауда министрліктері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен әкімдіктерге тың тапсырма жүктелді. Олар күн тәртібіндегі мәселені бірқалыпта ұстау үшін жеңіл өнеркәсіп өкілдерімен келіссөздер жүргізуі, ірі сауда орталықтары мен базарларды аралауы, мектеп жәрмеңкелері мен шалғай ауылдарға автодүкендер ұйымдастыруы қажет. Сондай-ақ, биліктен мұқтаж отбасыларға атаулы көмек көрсетілуі тиіс.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі
– Бүгінгі таңда мұқтаж отбасыларды қолдау үшін құрылған “Жаппай оқыту” қорына өңірлердің бәрі бірдей қаражат бөліп отырған жоқ. Сондықтан әкімдерге аталған жобаны қажетті көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды.Білімді ұрпақ – біздің басты құндылығымыз, сондықтан оқудың барлық кезеңінде оларға қолайлы жағдай жасау, қамқорлыққа алып, көңіл бөлу – біздің негізгі міндетіміз. Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер мен белгілеп берген бағыттар бойынша жұмыс істеуі керек. Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында болады.


Байболат Култанов