Тамара Дүйсенова өңір кәсіпкерлерімен кездесті

МТРА жаңалықтары

20:08 12 Тамыз 2022

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Петропавлда жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Отырыс барысында жұмыспен қамту және еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.

Жиын шымылдығын аймақ басшысы Құмар Ақсақалов ашты. Өңір жетекшісі ведомство басшысына өлкемізге халқы тығыз орналасқан облыстардан көшіп келген адамдарды жұмысқа орналастыру жайлы баян етті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Облысқа 2016 жылдан бері 11 мыңнан астам азамат көшіп келді. Солтүстік Қазақстан – қоныс аударушыларды ең көп қабылдайтын өңірлердің бірі. Еңбекке қабілетті 4 мың 600 адамның 3 мың 700-і жұмысқа орналастырылды.

Ағымдағы жылы өңірге 2 мың 600 адам қоныс аударады деп жоспарланған. Жыл басынан бері аққайыңдар өлкесіне 1300 азамат көшіп келіпті. Оның 500-ден астамы еңбекке қабілетті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Облысқа көшіп келгендердің барлығына 1 млн 200 мың теңге көлемінде грант беруге дайынбыз. Дегенмен, бақылау механизімін арттыру үшін қызметті растау мерзімін 3 жылға дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Бұл мемлекеттік шараны тиімді қолдануға мүмкіндік береді.

ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын шығардық. Тұжырымдама мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Сондықтан біз өңірлерге сол тұжырымдаманың негізін жеткізейік деп келіп отырмыз.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі айтып отырған тұжырымдама «Ашық Қазақстан 500+» деп аталады. Бұл құжат өңірлерге білікті кадрлардың келуін көздейді.

ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Жаңа тұжырымдаманың негізгі мәні азаматтардың жұмыс орындары жоқ жерлерге көшуінде емес. Басты бағыттардың бірі – трансферт арқылы жұмыс орындарын құру және басқа облыстарда қолданылып жатқан бизнес-жобаларды солтүстік өңірлерде қолдану, кеңейту. Аққайыңдар өлкесінде «Солтүстік өңірлер үшін 100 бизнес-жоба» пайда болмақ. Оның аясында тың бастамаларға қолдау көрсетпекпіз.

Осы ретте, бизнес-жобаларды кеңейтудің сәтті бір мысалын тілге тиек етейік. «Alageum Electric» компаниясы Түркістан облысының Кентау қаласында ашылды. 2020 жылы осы ұйымның зауыты Петропавлда пайда болды. Нәтижесінде, жұмыс орындары құрылды және аққайыңдар өлкесіне елдің оңтүстігінен жиырмадан астам маман қоныс аударды. Жиыннан соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жергілікті жастармен де кездесті. Жүздесу барысында кейінгі толқынды қолдау жайлы айтылды.

Дана Ешкенова

Бұдан әрі оқыңыз

МТРК жаңалықтары 06.09.2022
МТРК жаңалықтары 23.09.2022
МТРК жаңалықтары 26.09.2022
МТРК жаңалықтары 21.09.22
МТРК жаңалықтары 27.09.2022
МТРК жаңалықтары 13.09.2022
МТРК жаңалықтары 12.09.2022
МТРК жаңалықтары 30.09.2022
МТРК жаңалықтары 07.09.2022
МТРК жаңалықтары 19.09.2022
МТРК жаңалықтары 09.09.2022
МТРК жаңалықтары 08.09.2022