МТРА жаңалықтары

Ауылдың ажары кірмек

Биыл Аққайың ауданындағы Власовка елді мекенінің көшелері жөнделеді. 4,5 шақырымнан астам жолды қалыпқа келтіру үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 230 миллион теңге бөлініпті. Жаңа асфальтты халық асыға күтті. Себебі, соңғы жылдары село ішінде жүріп-тұру машақатқа айналған екен

ЕКАТЕРИНА ШПИЛЕВА, Власовка ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
– Власовка ауылында 2001 жылдан бері тұрамын. Бұрын жолымыз шұрық-тесік болды. Жүру, әсіресе, көлікпен өту мүмкін емес еді. Биыл арманымыз орындалды десем артық айтқаным емес. Көшелерде машинамен, велосипедпен емін-еркін жүресің. Спортқа құштар ауыл жастары шаңғы-ролик те тебеді. Оң өзгеріске үлкен де, кіші де қуанышты.

Әкімшілік орталықтағы 13 көшенің 7-еуі жөнделмек. Іске елордалық, петропавлдық және тайыншалық мердігерлер жауапты. Бүгінгі күнге дейін мамандар 3 көшені қалыпқа келтіріп, асфальт төсеген екен. Олардың жалпы ұзындығы 1 шақырым 300 метрді құрайды.

ЕЛЕНА ВИТКОВСКАЯ, Власовка ауылдық округінің әкімі, Аққайың ауданы
– Қазір ауылдағы Абай, Мир және Октябрь көшелері жөнделіп жатыр. Бекітілген құжатқа сәйкес, 2 шақырым 900 метр қалыпқа келтіріледі. Бүгіндері қиыршық шас төгілуде. Алдағы уақытта асфальт төселеді. Осы аптада мердігерлер Гагарин көшесінің 400 метрін жөндеуге кіріседі.

Қазір Власовка ауылында 230 үй түтін түтетіп отыр. Ал тұрғындарының саны 698 адамды құрайды. Елді мекенде су бар, үстіміздегі жылы көшелерге 10 жарық шамы қойылыпты. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасын таппақ.

Байболат Култанов