МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Уәлиханов ауданының тұрғындарымен кездесті

Облыс әкімі Уәлиханов ауданына жасаған іс-сапары барысында халықпен кездесіп, ағайынның базынасын тыңдады. Бұл – Береке ауылы. Мұндағы кездесу кешқұрым басталды. Жергілікті тұрғындарды күрмеуі күрделі бірнеше мәселе алаңдатады. Оларды Құмар Ақсақаловқа Жаңбыршы Ахметов есімді азамат рет-ретімен жеткізді.

ЖАҢБЫРШЫ АХМЕТОВ, Береке ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы
–  Біздің ауылда жарық мәселесі шешілмей тұр. Бұл – менің бала күнімнен бергі проблема. Трансформатор күн күркіреген сайын сөнеді. Жер мәселесі. Шабуға және мал бағуға болатын шекарамызды сызып берсе екен дейміз.

Жарық мәселесі жиын барысында-ақ шешімін тапты. Өңір жетекшісі жергілікті атқарушы орган өкілдеріне қосымша трансформатор орнатуды тапсырды. Ендігі проблема – жер. Төңірекке қатысты түсінбеушілік 2011-ші жылы жүргізілген мал санағына байланысты туындаған.

АЙНАШ ИСАЕВА, Құлыкөл ауылдық округінің әкімі, Уәлиханов ауданы
–  Бүгінде Қаратал ауылында 10 мың, ад Берекеде 7 мың гектар жайылым жер бар. Қос ауылға тиесілі жерлердің шекарасы 2011-ші жылы сызылды. Бұл кісілердің талаптары – 2 елді-мекеннің жерін теңдей қылу. Бірақ, бұл жерлер мал санына байланысты бөлінді. 2011-ші жылы Берекеде мал саны аз болды.

Ауылы аралас, қойы қоралас қос ауыл арасындағы жер мәселесі келесі мал санағын өткізгеннен кейін шешімін табады. Қазіргі таңда елді мекен тұрғындары бұған қарсылық танытпай, дайындалып жатыр. Шаруа аяқталғаннан кейін жайылымға арналған аумақ қайта бөлініп, шекарасы сызылады. Берекеде ұялы байланыс пен интернет те нашар. Карантин кезінде қашықтықтан оқыған студенттер біраз қиындық көріпті. Бұл проблемаға қатысты аймақ басшысы Құмар Ақсақалов былай деді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Ең бірінші халқы 250 адамнан көп ауылдарға желі тартылды. Енді 250-ден аз тұрғын тұратын ауылдарға тартылуда. Яғни, Береке ауылына да интернет желісі келеді. Істі қолға алдық.

Берекеден кейін Құмар Ақсақалов іргедегі Құлыкөл ауылына ат басын бұрды. Шалғайдағы ағайынның басты проблемасы – ауыз судың сапасы. Мұнда құдық бар. Бірақ, одан алынатын тіршілік көзі білікті маманның жоқтығына байланысты тазартылмайды. Салдарынан елді мекенде денсаулығы сыр берген жандардың саны ұлғайыпты.

ҚАЙРАТ ПШЕНБАЕВ, Уәлиханов ауданының әкімі
– Неміс технологиясымен жасалған. Компютердің тілін түсінетін маман қажет. Қаратал ауылынан 2 адам алынды. Сол 2 адам оқуға жіберіледі. Су сол Қараталдан келеді.

Суға қатысты мәселе жақын арада шешілуі қажет. Құмар Ақсақалов энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовты Құлыкөлде қалдырды. Атқамінер бірнеше күн ауылда болып, проблеманы біржақты етуі керек. Елді мекен тұрғындары жақын маңайдағы жолдардың сапасыз жөнделіп жатқанын алға тартады. Олар жауапсыз компаниялардың кесірінен мемлекет қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеме деп алаңдайды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Әрине, әртүрлі серіктестіктер болады. Сіздер оларға талап қоюларыңыз қажет. Бір қателіктері болса жазып, телефонға түсіріп алыңыздар. Оларды тексеретін тиісті органдарымыз бар. Ашық конкурс. Ұтып алып жүретіндер бар. Барлығын бірігіп қадағалауымыз қажет. Сонда ғана жақсы нәтиже болады.

Құлыкөлдегі жиын түн ортасында аяқталды. Облыс әкімі әр мәселені тыңдады, шешу жолдарын талқылады. Кездесуде жоспар да мәлім болды. Келесі жылы ауылдағы 4 ұзын және 2 қысқа көшеге асфальт төселмек. Жобаға 200 млн теңге қаражат бағытталады.

Алдияр Айтпаев