Білім

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру

Елордада ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Тың бастама аясында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі енгізілмек. Ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің хабарлауынша, оқыту шығармашылық пен қозғалыс белсенділігі және ойын арқылы жүргізіледі. Ал 2022 жылдың соңына дейін ересек балаларды қосымша біліммен қамту 75%-ға жетпек. Атқарылған шаруа да ауқымды. Ұлттық жобаның арқасында 175 мың мүмкіндігі шектеулі ұл-қыз арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте жастан түзетумен қамтылған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
– Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2021 жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ 1436 мектеп жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектептер салу көзделген.

Байболат Култанов