Шаһарда студенттер жатақханасының құрылысы қызу жүріп жатыр

Құрылыс

18:19 10 Тамыз 2022

Қозыбаев университетінің студенттеріне арналған жатақхананың құрылысы қызу жүріп жатыр.

Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында бастау алған. Бүгінгі күні мамандар ғимараттың іргетасын қалап, еден төсепті. Енді құрылысшылар нысанның қабырғаларын көтермек. 2 блоктан тұратын ғимарат 11 қабатты болмақ. Әрқайсысы 600 орынға шақталған. Жатақхананы жергілікті «Основание» серіктестігі салып жатыр. Мердігер компания іске қажетті материалдардың басым бөлігін өздері шығарған. Тек, ғимараттың сырты жапон панельдерімен қапталмақ. Жаңа материал Петропавлда алғаш рет қолданылады.

РОМАН ТЫРТЫШНЫЙ, «ОСНОВАНИЕ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– Біздің компания темірбетон материалдарын шығарады. Ал, кірпішті Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан сатып аламыз. Сондай-ақ қасбеті жапон панельдерімен қапталады. Бұл материалдың өзіндік ерекшелігі бар. Ол аязға және аптап ыстыққа төзімді. Яғни, опырылып немесе сынып қалмайды. Ұзақ жылдар бойы жаңа қалпын сақтап тұрады. Жұмыстарды мүмкіндігінше мерзімінен ерте аяқтауға тырысамыз.

Құрылыс алаңында 20-ға жуық маман мен 10-ға тарта техника жұмыс істеуде. Максим Пфайфер былтыр Петропавл құрылыс-экономикалық колледжін тәмамдапты. Өндірістік тәжірибе кезінде осы серіктестіктің бірнеше құрылыс алаңында тер төккен екен.

МАКСИМ ПФАЙФЕР, «ОСНОВАНИЕ» ЖШС ҚҰРЫЛЫСШЫСЫ
– Бала кезімде құрылысшы болуды армандадым. Сөйтіп, оқуға түстім. Колледжде оқып жүргенімде осы серіктестікте тәжірибеден өттім. Құрылыс алаңынан бөлек, темірбетон материалдары дайындалатын цехта да еңбек еттім. Дегенмен, маған кірпіш және цементпен жұмыс істеген ұнайды. Осы саланың өкілі болғаныма қуаныштымын.

Құны 5 млрд теңгені құрайтын нысанды мердігер компания 2023-ші жылдың аяғына дейін тапсыруды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні облыс орталығында қызмет көрсету саласы колледжінің студенттеріне арналған 244 орынға шақталған тағы бір жатақхананың құрылысы жүріп жатыр.


Дана Ешкенова

Бұдан әрі оқыңыз

Құмар Ақсақалов: мақсат – өңірде 6 мектеп ашу
Спортқа жақын ауыл тұрғындарына арналып футбол алаңы салынды
Пресновкадағы өзгерістер
Шал ақын ауданында екі мектеп “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы аясында жөндеу көрді
Мектеп жөнделді
СҚО-да 650 шақырымнан астам жолды жөндеу қажет