Мәдениет

Облыстық кітапханада бас ақынның 177 жылдығына орай жиын өтті

 

«Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба». Абай Құнанбайұлының әр өлеңі түбі жоқ теңіз. Еңбектерін оқып, жүрек дәптеріне тоқыған жан рухани азық алады, өмірге өзгеше көзқараспен қарайды. Бұл – “Кемеңгерліктің биік шыңы – Абай” атты әдеби-сазды кеште сөз алған жерлестеріміздің пікірі. Облыстық кітапханада өткен шараға еңбек ардагерлері, ақын-жазушылар, журналистер мен оқырмандар қатысты.

ЖАЗИРА КӨКБАС, Қозыбаев университеті ғылыми-әдістемелік “Абай орталығының” ғылыми қызметкері:
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай рухани реформатор» атты мақаласында Абайдың шығармашылығына қатысты айта келіп, 6 ең басты құндылықты атаған болатын. Оның ішінде білім, тәрбие бар. 01,49 Міржақып Дулатов кезінде «Абайдың қайтыс болғанынан біз қаншалықты алыстасақ, Абайдың рухына соншалықты жақындаймыз» деп айтқан. Міне, ақынның қайтыс болғанынан 1,5 ғасыр өтсе де, біз оны әлі ұмытқан жоқпыз.

Кеш барысында ақынның өмірі жайлы бейнеролик көрсетілді. Осы арқылы жиналған қауым Абайдың шығармашылығымен кеңірек танысып, өлеңдерінен үзінді тыңдады. Ал жас ақын Диас Аяған өз туындысын ортаға шығып оқып берді.

ДИАС АЯҒАН, Қозыбаев университетінің студенті:
– Абайдың шығармалары асыл қасиеттерді сіңірудегі ең басты құралдардың бірі десе болады. Өзім жас ақындардың бірімін. Абайға арнап бірнеше өлең жаздым. Оның өлеңдерін сүйіп оқимын. Оқыған сайын жаңа ой түйіп, ерекше әсер аламын.

Бұл кеште мектеп оқушылары да өлең оқыды. Бірақ, олар бас ақынның туындыларын жүрекке жеткізді.

Самал Жунусова