МТРА жаңалықтары

C.М.Киров атындағы зауыт жас мамандарды жұмысқа шақырады

Компьютер, ноутбук, баспа платалары мен мұнай-газ және темір жол кешендері. Мұның бәрі қаламыздағы М.Киров атындағы зауытта шығарылады. Өткен жылы кәсіпорын жалпы құны 1 млрд теңге болатын 5 мынңан аса комьютерлік техника әзірлепті. Биылғы жоспар – 4 мыңнан аса өнім дайындау. Тапсырыс беруші – ҚР Қорғаныс министрлігі. Құрастыру цехінің басшысы Талғат Сабдиновтың айтуынша, 1 жүйелік блокты жасау үшін 8-10 минут уақыт қажет.

ТАЛҒАТ САБДИНОВ, «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ құрастыру цехінің басшысы:
– Басында, әрине, оңай болған жоқ. 1 жүйелік блокты жасау үшін біраз уақыт жұмсап жүрдік. Қазір қолымыз әбден үйреніп қалды. Оның үстіне мамандарымыз қытайлық компанияның өкілдерімен тәжірибе алмасты. Бүгінде цехта 10-15 адам жұмыс істейді.

Солтүстікқазақстандық техниканың құны нарықтағыдан әжептәуір төмен. Бұл жердегі ең арзан өнім 75 мың теңге болса, ал ең қымбаты 300 мың теңгені құрайды. Әңгіме барысында Талғат Сабдинов компьютерлік техниканың сипаттамасына тоқталып өтті.

Зауытқа жұмыс күші ауадай қажет. Қазір кәсіпорын басшылығы білімді жас мамандарды тартып жатыр. Ол үшін өндіріс ошағы жергілікті 3 колледж, Қозыбаев университеті және елордалық жоғары оқу орнымен келісімге келіпті.

ДӘУРЕН ҚАДЫРОВ, «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ бас директорының орынбасары:
– Өткен жылы 8 жас қызметкер оқуларын аяқтаған соң, бізге келді. Пандемияға байланысты 2021 жылы 9 студент тәжірибеден өтіп, олардың 5-еуі жұмысқа орналасты. Зауыт жергілікті оқу орындарымен ғана емес, республикалық жоғары оқу орындарымен де белсенді байланысты. Бос орындар бар. Біз отандық өндірісті жаңа деңгейге көтергісі келетін жас мамандарға қуаныштымыз.

Жас мамандардың бірі – Камила Валеева. Сату жөніндегі менеджер зауытқа маусым айында орналасқан екен.

КАМИЛА ВАЛЕЕВА, «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ сату жөніндегі менеджер:

–  “Зияткер” білім беру орталығында қытай тілі мұғалімі болып жұмыс істедім. Қытай және ағылшын тілін білудің арқасында мен шетелдік компанияларымен келіссөз жүргізе аламын.

Осы аз уақыт ішінде Камила зауыттың қытайлық және чехиялық серіктестерімен келіссөз жүргізіп үлгеріпті. Қазір бойжеткен өңірлік өзге кәсіпорындармен ынтымақтастыққа мүдделі компанияларды да іздестіруде.


Самал Жунусова