МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі “Қызыл-Оба мазары” ескерткішінде болды

Сонау ХIV ғасырға тиесілі “Қызыл-Оба мазары” ескерткішінің биіктігі 15-20 метр болған. Ал қалыңдығы 3 метрге дейін жетіпті. Кірпіштен тұрғызылған кешен толығымен жойылып кеткен жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын Уәлиханов ауданының аумағынан табылды. Көп ұзамай қазба жұмыстары да басталды.

ТИМУР СМАҒҰЛОВ, археологиялық экспедиция жетекшісі, Уәлиханов ауданы:
– Бұл ескерткіш арнайы жасалған сызба бойынша салынған. Кәсіби сәулетшілердің жұмысы. Осы кешенге қарап, ХIV ғасырда құрылыс өнерін жетік меңгерген білікті сәулетшілер мен құрылысшылар болғанын ұғынамыз.

“Қызыл-Оба мазары” ескерткіші өзге де дүниелермен таң қалдырды. Қазба жұмыстары кезінде тарихи орыннан баға жетпес бірталай дүние табылды. Мысалы, сонау 1337 жылғы күміс монеталар, күміс және алтын бұйымдар, керамика, бөгеттер мен арықтар түріндегі ежелгі ирригацияның іздері анықталды. Мазардың біз білмейтін сырлары әлі де бар. Сондықтан, зерттеу жалғасын табады. Уәлиханов ауданына жұмыс сапарымен барған өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов іске мемлекет тарапынан көмек көрсетілетіндігін мәлім етті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қазба жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Мемлекеттен, облыс әкімшілігі тарапынан қаражат бөлінетін болады. Алдағы уақытта көп жаңалық болады деп санаймыз.

Болашақта бұл жерге дейін жол салынбақ. Археологтар бірегей тарихи ескерткіш әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен туристерді тартарына сенімді. Себебі, кешенге келген кісі бұйымдарды ғана емес, Алтын Орда дәуіріне тиесілі пештерді де көре алады.

ТИМУР СМАҒҰЛОВ, археологиялық экспедиция жетекшісі, Уәлиханов ауданы:
– Ежелгі шеберлер шұңқыр қазған. Кейін сол маңнан пеш тұрғызған. Ауа алмасу процесінің арқасында пештердегі температура бәленбай градусқа жеткен. Міне, осылайша кірпіш өндірілген. Біздің есептеуіміз бойынша бір пеште күніне ондаған дана құрылыс материалы дайындалған.

Жалпы, кесене маңынан осындай 10 шақты пеш табылыпты. Бір мазарға осынша пештің не қажеті бар? Археологтар кешеннің ауданы үлкен болуы мүмкін деген пікірді алға тартады. Қазірдің өзінде жоспарланған зерттеу радиусы 35 шақырымға жетіпті.

ТАТЬЯНА КРУПА, археолог, тарихшы:

– Бұл маңда, сірә, өте үлкен діни-мәдени орталық бар. Өйткені Алтын Орда дәуірінде соғылған тиындар әр жерде кездесе бермейді. Осыны білген жөн. Келесі жылы мұнда сонау Ұлыбританиядан менің әріптестерім келмек. Солармен бірге зерттеу жұмысын жіргізсек деп отырмыз. Мақсатымыз – тарихи орынды ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу.

Тарихи орын әлемдік статусқа ие болса, облыста турист саны артады. Оның үстіне бүгінгі күнге дейін солтүстік өңірдегі бірде-бір археологиялық кешен ЮНЕСКО-ның тізіміне енбепті.


Байболат Култанов