МТРА жаңалықтары

ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық

 

Қарты бар елдің қазынасы бар! Талай қиындықты бастан кешкен, елді дамытуға сүбелі үлес қосқан алдынғы буын өкілдеріне қазанның 1-і мен мамырдың 9-ы күндері ғана емес, әрқашан қолдау көрсетілуі қажет. Үлкендерге көмек беру бағытында бүгінде Қазақстанда “Жеңіс” әлеуметтік-қайырымдылық жобасы қолға алынған. Бұл бастама жайлы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында кеңінен қаузалды.

АЛЬФИЯ АДИЕВА, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры:
– Жоба 2 бағыттан тұрады. Біріншісі, жас ерекшеліктеріне қарамастан ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне материалдық және әлеуметтік қолдау көрсету. Екіншісі, ҰОС ардагерлері мен 1935-ші жылдың 31-ші желтоқсанына дейін туған тыл еңбеккерлері ҚР ғана емес, ТМД елдері аумағында пойыздармен ақысыз сапар жасау.

Осы орайда ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің және олардың жақындарының құлағына алтын сырға. Билет аларда құжат көрсету қажет.

АЛЬФИЯ АДИЕВА, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры:
– Билет кассасында ҰОС ардагерлері өздерінің куәліктерін, ал тыл еңбеккерлері арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалғаны жайлы құжатты ұсынуы қажет. Өткен жылы 200-ге жуық адам теміржол көлігі арқылы тегін қатынаған.

“Жеңіс” жобасы аясында алдынғы буын өкілдеріне азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен де көмек көрсетілмек. Өз кезектерінде жастар да қол қусырып қалмайды. Олар да қарттарға жәрдем беретін болады.

АЛЬФИЯ АДИЕВА, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры:
– Тұрмыстық техникаға, есту құралдары сияқты ерекше қажеттіліктерге де назар аударылатын болады. Жастар қариялардың үй аулаларын тазалайды. Шәй үстінде әңгіме құрады.

“Жеңіс” әлеуметтік-қайырымдылық жобасына 500 ерікті қатыспақ. Олар биыл кем дегенде 1400 адамға көмек қолын созбақшы.

Байболат Култанов