МТРА жаңалықтары

Шағын және орта бизнестің кластерлік өндірісін дамыту

 

Шамамен 2 жарым мың адам тұратын Айыртау ауданындағы Имантау ауылында шағын және орта бизнестің кластерлік өндірісі дамып келеді. Қазір мұндағы тұрғындардың бір бөлігі өсімдік шаруашылығымен, оның ішінде гүл өсірумен айналысады. Халық арасында “Петуния астанасы” деп аталып кеткен елді мекен кәсіпкерлері бүгінде аудан бюджетіне айтарлықтай салық аударып отыр.

ИЛЬНАР ГАЛЯМШИН, кәсіпкер, Айыртау ауданы
–  15 жылдан артық уақыт бұрын менің қайын атам Ыдырыс Кузахметов ауылдағы отбасылардың біріне петуния гүлін өсіруді ұсынды. Ал өзі табысты іс бастаған жанұяға көмектесті, жылыжай салды. Көп ұзамай көздің жауын алатын гүл өсті. Оларды атам сатып алды. Міне, осылай елді мекенде өсімдік шаруашылығының бір бағыты дамыды. Қазір Имантаудағы 150 үй немесе 500-ден астам адам жылыжай бизнесімен айналысады.

Қазір жылыжайлар бос тұр. Себебі, біржылдық петуния гүлі тек көктемде өсіріледі. Тұқым табиғаты тұмса Имантауға сонау Голландия мен Америкадан алынады екен. 1 келісінің құны 1 жарым миллион теңгеге дейін жетеді. Ауылдағы іскер жандар арнайы оқытудан өтпесе де, өз жұмыстарын жақсы біледі. Олардың кейбірі суаруда заманауи технологияларды қолданады екен.

ИЛЬНАР ГАЛЯМШИН, кәсіпкер, Айыртау ауданы
–  Жылыжайда жұмыс істеуді ауылдастарым бір-біріне үйретті. Тәжірибе алмасты, жұдырықша жұмыла тер төкті. Қазір кәсіппен айналысып, табыс тауып отыр. Әрине, бәсекелестік бар. Ол болу да керек деп ойлаймын. Адам бақшасында тырыса түссе, сапа жоғары болады.

Бүгінде Имантауда өсірілген петунияны бүкіл ел біледі. Арзан әрі сапалы гүлдер Қазақстанның түкпір-түкпіріне сатылады екен.

ИЛЬНАР ГАЛЯМШИН, кәсіпкер, Айыртау ауданы
– Гүлдерімізді негізінен Петропавлға, Қостанайға, Көкшетауға және Нұр-Сұлтанға сатамыз. Өскемен, Семей, Шымкент және Қарағандыға саудалаған күндер де болды. Яғни, бізді барлығы біледі. Алдағы уақытта серіктестеріміздің санын арттырғымыз келеді.

Халық бұл ауылдың гүлін ғана емес, балын да жақсы біледі. Қазір мұндағы 50-ге жуық адам омарташылықпен айналысады екен. Алдағы уақытта облыстық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері Имантаудың үлгісінде шағын және орта бизнестің кластерлік өндірісін дамытуды мақсат етіп отыр.

Байболат Култанов