МТРА жаңалықтары

Қазақстанда неке тіркеу мерзімі қысқарды

Шаңырақ көтеруді жоспарлап жүргендердің құлағына алтын сырға. Қазақстанда неке тіркеу мерзімі қысқарды.

САЛТАНАТ ҚАПАРОВА, облыстық Әділет департаментінің бас маманы:
– 2022 жылы 14 шілдеде ҚР Президенті “ҚР кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға қол қойды. Азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында “Неке және отбасы туралы” кодексіне көптеген өзгерістер енгізілді.

Өзгерістерге сәйкес неке қию мерзімі 1 айдан 15 күнге дейін қысқартылды. Яғни, енді 2 жұманың ішінде ерлі-зайыпты атануға болады. Заңнама шілденің 25-ші жұлдызында өз күшіне енді. Күні кеше ғана жаңашылдық аясында 40 жұп жергілікті Әділет департаментінде шаңырақ көтеріпті.

САЛТАНАТ ҚАПАРОВА, облыстық Әділет департаментінің бас маманы:
– Азаматтарға бұл өте ыңғайлы. Енді бұрынғыдай 30 күн күтудің қажеті жоқ. Бәрі қуанышты. Неке қиюға өтініш беру үшін біріншіден адамды куәландыратын құжат қажет. Кейін өтініш толтыру қажет.

Ахат органдары ұсынған дерек бойынша өңірімізде некеге тұрудың орташа жасы 25 пен 35-тің аралығын құрайды. Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыста 1893 неке қиылыпты. Бұл көрсеткіш былтырғы статистикадан 111 аз.


Дана Ешкенова