Денсаулық сақтау

Қалалық емхана 16 жас маманмен толықты

Жасұлан Ханаев – жалпы тәжірибелік дәрігер. Ол осыдан 1 жұма бұрын №3 қалалық емханаға қызметке қабылданыпты. Өзі оңтүстік өңірдің тумасы. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмед Ясауи атындағы халықаралық университетте оқып жүрген кезінде жергілікті мамандармен жолығыпты. Жүздесу барысында теріскейлік әріптестері түлекке жұмыс ұсынған екен. Осылайша, Жасұлан Ханаев Петропавлға билет алған.

ЖАСҰЛАН ХАНАЕВ, №3 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері:
–  Дәрігер болуды бала кезімнен армандадым. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмед Ясауи атындағы халықаралық университетті бітіріп, Шымкентте 2 жыл интернатурада оқыдым. Жанұяммен келдім. Әйелім де дәрігер. Қазір бірге жұмыс істеп жатырмыз.  Асхат Өтебаевқа үлкен рахмет. Бізді үймен қамтамасыз етті. Әкімдіктен – 1,5 млн, ал осы емханадан 1 млн теңге сыйақы берілді.

Жалпы, биыл №3 қалалық емхана 16 жас маманмен толығып отыр. Барлығына жақсы жағдай жасалған. Мекеме директорының міндетін атқарушы Асхат Өтебаевтың айтуынша, алдағы уақытта тағы 4 медициналық қызметкер келмек.

АСХАТ ӨТЕБАЕВ, №3 қалалық емхана директорының міндетін атқарушы:
– Біздің №3 қалалық емханада бос орындар болды. Мәселені шешу үшін Қазақстандағы университеттерде өткен жәрмеңкелерге қатысып, жас мамандарды шақырдық. Соның нәтижесінде мамандар келіп жатыр. Бізге 8 жалпы тәжірибелі дәрігер жетіспеді. Бүгінде тапшылық 100 пайыз жойылды.

Бүгін өздеріне тиесілі ақшаны 11 жас маман алды. Оларға №3 емхана тарапынан 1 млн теңге көлемінде үстемақы берілді.

Жалпы ақпармен бөлісе кетейік. Бүгінгі күнге дейін өңірдің денсаулық сақтау саласы 38 жас маманмен толығыпты. Оның 30-ы аудандарға еңбек етуге аттанса, қалғаны қалада қалған екен. Өңірдегі дәрігерлердің саны келесі жылы да арттады. 2023-те өңірге 60 резидент келеді деп күтілуде.


Самал Жунусова