МТРА жаңалықтары

Қазақстанда отбасының цифрлық картасы 1 қыркүйекте іске қосылады

Елімізде 1 қыркүйектен бастап отбасының цифрлық картасы іске қосылады. Пилоттық жоба әрбір отбасының құрамы мен әл-ауқат деңгейіне қарай мемлекеттік кепілдік түрлерін алу құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Мәселен, бір жасқа толмаған баласы бар отбасы бала тууы бойынша берілетін жәрдемақы алуға құқылы. Кәмелет жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар жанұя бала 18-ге толғанша ай сайын көмек алады. Немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы мүгедектік бойынша берілетін қаржылық қолдауды ала алады. Отбасының цифрлық картасының жұмыс алгоритмі келесі тәсілмен жүзеге асырылады – мемлекеттік кепілдік алуға құқығы бар отбасыға Еңбек министрлігінен SMS-хабарлама жолданады. Онда азаматтың мемлекеттік кепілдік алуы мүмкін екені жазылады. Бұдан бөлек, SMS-хабарламада отандасымыздың мемлекеттік кепілдікті проактивті форматта, яғни төлем алушының өтінішін күтпей тағайындауға келісу немесе келіспеу құқығы беріледі. Тұлға келіскен жағдайда, оған жәрдемақы тағайындалады. Ол кейін төлем алушының шотына түседі.

Самал Жунусова