МТРА жаңалықтары

Қазақстанда интернет алаяқтықтың саны 6 жылда 21 есеге артқан

Интернет алаяқтық өршіп барады.

Бейінді министрлікте ғаламтор арқылы жасалатын заңбұзушылықтарға қарсы бірлескен жұмысты талқылау үшін арнайы отырыс өтті. Жиында бас шайқатар статистика тілге тиек етілді. 2016 жылы мыңға жуық қазақстандық қулардың құрығына түсіп, сан соғып қалса, 2021-де алаяқтық саны 21 мыңға жеткен. Ал ағымдағы жылдың басынан бері 11 763 факті тіркеліпті. Айлакерлер келтірген шығын көлемі 7 млрд теңгені құрайды. Бүгінге дейін Қазақстанда 571 пысықай мен 17 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталыпты.

Шұғыла Тұрлыбек, ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі
– Бұған дейін министрліктің бастамасы бойынша онлайн-қарыз алу кезінде клиенттерді сәйкестендірудің банктік рәсімдері қатаңдатылды. Қазіргі кезде алаяқтар абоненттік нөмірлерді ауыстыру бойынша сервистерді, телефондарға қашықтан қол жеткізу үшін арнайы қосымшаларды пайдаланады. Сондай-ақ олардың арасында шетелден әрекет ететіндер де бар. Жалпы, ауыстыру нөмірлерін бұғаттау жүйесі телефондық алаяқтық фактілерін азайтуы керек. Бүгінде оны қазақстандық байланыс операторлары белсенді түрде интеграциялап жатыр.


Дана Ешкенова