МТРА жаңалықтары

Өңірге «Жер аманаты» комиссиясы келді

Президент Қасым-Тоқаев былтыр қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бос жатқан жайылым жерлерді қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырды. Мемлекет басшысының пәрменінен кейін «Аманат» партиясы «Жер аманаты» комиссиясын құрды. Ұйым өкілдері қазір аймақтарды аралап, пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген аумақтарды мемлекет меншігіне қайтару мәселесімен айналысуда. Бүгін комиссия мүшелері ат басын Солтүстік Қазақстан өңіріне тіреді.

Жиынға Ауыл шаруашылығы министрлігі жер комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов, белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, заңгер Бақытжан Базарбек пен басқа да партия мүшелері қатысты. Кездесу барысында мамандар жергілікті кәсіпкерлер мен белсенділерді қабылдап, олардың базынасын тыңдады. Жиналған халықтың қарасы қалың. Азамат Дүйсенбин Жамбыл ауданына қарасты Ұзынкөл ауылынан келіпті. Жерлесіміз елді мекен маңында жайылым жоқ дейді.

Азамат Дүйсенбин, Ұзынкөл ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:
– Ауылдағы бірнеше алқап заңсыз сатылып кеткен. Қазіргі күні халық пай ала алмай отыр және малдарын жаятын өріс жетпейді. 

Азамат Дүйсенбиннің сөзінше, елді мекендегі 387 адамды агроқұрылым өкілдері алдап, жерлерін банкке кепілзат ретін қойып жіберген. Қазір бұл іс облыстық прокуратураның қадағалауында екен. Заң өкілдері мәселенің анық-қанығын анықтау үстінде дейді Жамбыл ауданының әкімі.

Марат Ескендіров, Жамбыл ауданының әкімі:
–  Прокуратура өкілдері нақты ақпарат берген жоқ. Олар қазір тек барлық ауыл тұрғындарының пікірлері тыңдалып, іс қаралып жатыр дейді.

Тұрғындар тарапынан осыған ұқсас тағы бірнеше мәселе көтерілді. Ақжар ауданына қарасты Бостандық ауылы тұрғындарының жері де осылай кепіл ретінде қойылып, соңында банкке өтіп кетіпті. «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері бұл түйткілді жіті бақылауға алмақшы.

Бақытжан Базарбек, жер мәселелері бойынша сарапшы, «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары:
– Банк жерді серіктестіктің қарызы үшін тәркілеген. Құжатқа қарап отырсақ, сол уақытта агроқұрылым басшысы берешектің жартысын өтепті. Кәсіпкердің иелегінде бірнеше жылжымайтын мүлік пен техника болған екен. Бірақ, қаржы ұйымы неге бірден алқаптарды алып қойған? Осының барлығын сот өкілдері мен прокурорлар дұрыстап тексеру керек еді ғой. Бұл жерде заң бұзылған.

Сөз соңында айта кетейік, қазіргі уақытта Солтсүтік Қазақстан облысының тұрғындарына 148 мыңнан астам жайылымдық жер жетіспейді. Өзекті мәселені шешу үшін жергілікті билік өкілдері бос жатқан алқаптарды мемлекет меншігіне қайтару үстінде.


Бердимурат Баймухан