Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Қызылжар ауданының тұрғындарымен кездесті

Тұрғындармен жүздесіп, кәсіпкерлер атқарған жұмысты көрді. Облыс әкімі Қызылжар ауданындағы қос ауылға барды. Алдымен Құмар Ақсақалов Вагулино елді мекенінде болды. Мұнда ашық аспан астында тұрғындармен тілдесті және іскер жандар тындырған шаруамен танысты.

Осы қыста облыс әкімі кәсіпкерлерге ауыл тұрғындары алдында есеп бергізді. Кездесу барысында Құмар Ақсақалов әр іскер жанға елді мекендерді дамыту бойынша тапсырма берді. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешен өкілдері жүктелген міндет пен өз бастамаларын орындауға кіріскен. Жақында Вагулинода жергілікті серіктестігінің мұрындық болуымен жаңа саябақ ашылыпты. Үйлерге ауыз су тарту жұмысы да қолға алынған. Кәсіпорын басшысы шаруаны ауыз толтырып айтқанымен, бұл аздық етеді дейді Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Мемлекет бұл кәсіпкерді қолдауға 1 миллиард теңге бөлді. Субсидияны ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне ұдайы беріп отырамыз. Одан бөлек, сіздердің елді мекендеріңіздегі мектепті, көшелерді жөндеуге, жарықтандыруға, су желілерін қалыпқа келтіруге қазынадан жүздеген миллион теңге бағытталды. Ал, «СК-Вагулинское» серіктестігі соңғы 5 жыл ішінде ауылды дамытуға небәрі 27 млн теңге жұмсаған.

Жергілікті шаруа облыс әкімінің сынын ескеремін дейді. Алдағы уақытта елді мекеннің дамуына бағытталатын қаржы көлемін ұлғайтпақшы. Вагулинодан кейін Құмар Ақсақалов ат басын Налобино ауылына бұрды. Мұнда да аймақ басшысы ашық аспан астында жиын өткізді. Өңір жетекшісінің қолында әкімдік, кәсіпкер және тұрғындар арасында жасалған меморандум. Құжаттағы шаруа рет-ретімен жіпке тізілді.

Үйлерге су кіргізу, мектеп оқушыларын тегін тамақтандыру, жұмысшылардың жалақысын өсіру, көпбалалы отбасыға баспана беру, тұрғындарға арзан бағада нан сату және оларды отын-шөппен қамту. Құжаттағы мәселелердің барлығы қазір біртіндеп шешімін тауып жатыр екен. Әңгіме барысында облыс әкімі кәсіпкерлерден ауылды дамыту үшін тағы қандай шаруа атқарылып жатқанын сұрады.

Анатолий Мельников, «Алекри-Агро» ЖШС басшысы:
– 8 шақырым жол салдық, өрт сөндіру қосынын қайта қалыпқа келтірдік. Қысқы уақытта көшелер мен ауыларалық жолдарды қардан тазалаймыз. Сондай-ақ, іс бастаймын деген жандарға несие береміз. Олар ұсынылған қаржыға мал немесе көлік сатып алып, кәсіппен айналысады.

Осы орайда облыс әкімі мынадай статистикамен бөлісті. Соңғы 5 жыл ішінде Налобино ауылдық округін дамытуға мемлекеттен 200 млн теңгеден астам қаржы бағытталыпты. Ал жергілікті қос кәсіпкерді қолдауға бақандай 324 млн теңге субсидия беріліпті. Қыруар қаржыға ие бола отыра іскер жандар елді мекенді көркейтуге, мәселелерді шешуге бар-жоғы 26 млн теңге жұмсаған. Айырмашылық жер мен көктей.

Құмар Ақсақалов кәсіпкерлерді ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына бей-жай қарамауға шақырды. Облыс әкімі Налобиноға күзде келіп, халықтың тұрмыс-тіршілігімен тағы бір мәрте танысып кететінін айтты. Бұдан соң өңір жетекшісі Лесной ауылдық округінде барды. Мұнда салынып жатқан кешеннің құрылысымен танысты. Болашақта бұл жерде етті бағыттағы 1 мың бас ірі қараға арналған ферма болмақ. Жобаны жергілікті кәсіпкер қолға алыпты. Бүгінге дейін шаруаның 80 пайызы аяқталған екен.


Бердимурат Баймухан