МТРА жаңалықтары

Көші-қон заңнамасының 800-ден астам бұзушылығы анықталды

 

Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон заңнамасының 800-ден астам бұзушылығы анықталды.

Өңірімізге ат басын бұрған шетелдіктердің дені елде болу мерзімін бұзған. Ережені елемегендерге жаза қарастырылғаны мәлім. Сот заңға мойынсұнбаған 45 адамды Қазақстан шекарасынан шығару туралы шешім қабылдапты. Көшеде қайыр сұраған 2 өзге ұлт өкілі де заң бойынша жазаланған. Көші-қон саласында отандастарымыздың да тәртіп бұзғаны анықталып отыр. Мысалы, 28 жұмыс беруші өзге елдердің азаматтарымен заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған. Олардың барлығы жауапкершілікке тартылыпты. Қазіргі таңда полицейлер мигранттар көп жүретін жерлерді, яғни, базарлар мен құрылыс нысандарын, сапаржайларды, шаруа қожалықтарын жіті тексеруде.


Алдияр Айтпаев