МТРА жаңалықтары

Петропавлда экофорум өтті

 

Петропавлда экофорум өтті. Іс-шараға Экология департаментінің өкілдері, қоғам белсенділері және мектеп оқушылары қатысты. Жиында өңірдің басты экологиялық проблемалары туралы сөз қозғалып, оларды шешу жолдары қарастырылды. Өзекті мәселелер жастарды алаңдатып отыр. Олар түйткілдерді біржақты ету үшін бірнеше жоба да әзірлепті. Нұрай Тахметова басқосуда мақтадан жасалған сөмкелерді таныстырды.

НҰРАЙ ТАХМЕТОВА, экофорумға қатысушы
– Жобамның басты мақсаты – полиэтилен пакеттерін экосөмкелермен алмастыру. Базардан 3 мың теңгеге мақта сатып аламын. Кейін оны өңдеп, әжеммен бірге тігемін. Тауарды әлеуметтік желі арқылы 2500 теңгеден сатып жүрмін. Бұл идеяны іске асыруға экомектебіміздегі ұстаздар көмектесті.

Экофорум аясында қатысушыларға өңірдің экологиялық промблемалары жазылған каталог пен карта ұсынылды.

АЗАТ ЖҰМАҒҰЛ, эко-амбассадор, жоба жаттықтырушысы
–  Экологиялық проблемалар картасы өңірдің негізгі проблемаларын көрсетеді. Мысалы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының толуы, пайдаланылған уран кен орындарының дұрыс жабылмауы, қоқыстарды сұрыптаудың төмен деңгейі. Ал, каталогта оларды шешу жолдары жазылған және эко-көшбасшылардың міндеттері айқындалған.

Өзекті мәселелерді жою жобасы аясында Экология департаменті жанынан жұмыс тобы құрылды. Оған түрлі сала мамандары мен өңірдің эко-көшбасшылары мүшелік етеді. Шара соңында «Green help» ҚБ мен Экология департаменті меморандумға қол қойды.


Алдияр Айтпаев