МТРА жаңалықтары

Өңірде жыл басынан 464 интернет алаяқтық тіркелді

 

Жыл басталғалы өңірде 464 интернет алаяқтық фактісі тіркелген.

Қашықтықтан жасалатын қылмыстың алдын алу – криминалдық полиция жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі. Қазір тәртіп сақшылары жедел шаралардан бөлек, халық арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Мысалы, еңбек ұжымдарымен кездесіп, оларға қорғану жолдарын түсіндіруде. Осындай соңғы жиынның бірі Халыққа қызмет көрсету орталығында өтті.

Виктория Миронычева, СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі жедел уәкілі
– Алаяқтар көп жағдайда адамдардың сенгіштігін пайдаланады. Жылы сөйлеп, соңында сан соқтыртып кетеді. Интернеттің көмегімен жасалатын қылмыстарды ашу және тергеу өте қиын. Себебі айлакерлер үшінші тұлғаларға ресімделген банк карталары мен шоттарды пайдаланады.

Мамандардың сөзінше, қазіргі уақытта ең жиі кездесетін алаяқтық фактісі – жалған банк қызметкерінің қоңырауы. Ағымдағы жылы осындай әдіспен өңірде 129 қылмыс жасалыпты.

Анар Құсанова – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының қызметкері
– Бүгін полиция қызметкерлерімен өте пайдалы кездесу өтті. Мамандар интернет-алаяқтық туралы айтып берді. Мұндай жүздесулер әр мекемеде өтуі қажет. Интернет алаяқтық туралы барлығы білген жөн. 

Полиция қызметкерлері интернет алаяқтық фактілерінің алдын алу мақсатында мекемелерде ғана емес, сауда үйлерінде, базарларда және басқа да қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бүгінге дейін мамандар халыққа 19 мың жадынама қағазын таратыпты.