МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі «Sensitive» би театрын құттықтады

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов АҚШ-тан бас жүлдемен оралған «Sensitive» би театрын құттықтады.

Біреу білсе, біреу білмес, қаламыздағы «Sensitive» би театры осыдан 16 жыл бұрын Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатында құрылған. Бүгінде ұжымға 8 адам мүшелік етеді. Қазір өнерпаздар өңіріміздің ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Бір апта бұрын ғана олар АҚШ-тың Калифорния штатындағы Анахайм қаласында өткен дүниежүзілік чемпионатта топ жарды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған бишілерді өңір жетекешісі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ұжымның көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщиковаға және бишілерге үлкен алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да үлкен жеңістер болсын деп тілеймін.

Құттықтау сөзден кейін облыс әкімі ұжымның әр мүшесіне Құрмет грамотасын табыс етті.

Сондай-ақ, «Sensitive» би театрының жетекшісі Ольга Ростовщикованы өнер саласындағы елеулі еңбегі үшін ҚР мәдениет және спорт министрлігі атынан “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен марапаттады.

Айта кетейік, “Sensitive” би театрының мүшелері АҚШ-та өткен әлем чемпионатында ұжымдық байқауда ғана емес, жекелей байқауларда да сынға түсті. Мұнда да мықтылықтарын дәлелдеді. Артем Радица ер модельдер арасындағы сайыста Гран-при жеңіп алды. Талант иесіне АҚШ-тың 3 бірдей модельдік агентігінен ұсыныс түсіпті.

Артем Радица, «Sensitive» би театрының мүшесі
– Мен жасөспірім шағымда модель болуды армандадым. Бұл арманым орындалды десем болады. Алғаш рет подиумға Тараз қаласында шықтым. Енді, міне, халықаралық деңгейде бақ сынап отырмын. АҚШ-та өткен конкурста ортаға 3 образда шықтым.

Артем Радицаның өнеріне тәнті болған голливудтың танымал суретшісі де жерлесімізге бірден бірлесе жұмыс істеуді ұсыныпты. Қазір өнерпаз бұл ұсынысты анасымен бірге қарастырып жатыр екен.

Марина Мухаметова, Артем Радицаның анасы
– Артемді Милан қаласында модель болуға шақырды. Әрине, бәрі бірден болмайды. Өнер көрсету үшін түрлі кастингтен өту қажет. Дегенмен, мұндай мүмкіндікті жібермеуге тырысамыз.

Ұсынысты қабыл алса, Артем Радица қараша айында Миланға ұшады. Италия елінде өнерпаз қаралымнан өтпек.


Дана Ешкенова