МТРА жаңалықтары

Энергетика министрі: қыста петропавлдықтарға жылу бірқалыпты беріледі

Халықтың табысын ұлғайту бағдарламасы шеңберінде еліміздің мұнай-газ-химия, газ және энергетика, сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздері салаларында түрлі жобалар іске асырылуда. 2025 жылдың соңына дейін 73 бастама соңына жетеді. Нәтижесінде 34 мың жұмыс орны пайда болады. Бұл туралы энергетика министрі Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:
– Отын-энергетика кешенінің ең перспективалы салаларының бірі – мұнай-газ-химиясы. Еліміздің батыс бөлігінде мұнай-газ-химияны дамыту үшін қажетті көмірсутек шикізатының кен орындары шоғырланған. Мәселен, Атырау облысында биыл қуаты жылына 500 мың тонна болатын әлемдегі ірі полипропилен өндірісінің бірін іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, қуаты жылына 1,2 млн тонна полиэтилен және 186 мың тонна бутадиен өндіру жобалары пысықталып жатыр.

Бұл жобаларды іске асыруға шамамен 14 млрд доллар инвестиция тартылмақ. Брифинг барысында Болат Ақшолақов жол салу ісіне де тоқталды.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:
– Ақтаудағы битум зауытында өндіріс ұлғайтылды. Алдағы уақытта дайын өнімнің көлемі қазіргіден 300 мың тоннаға артық болмақ. Нәтижесінде жылдық көрсеткіш 1,2-1,3 млн тоннаға жетеді. Бұл жол құрылысындағы ішкі сұранысты толық жабуға мүмкіндік береді.

Көрсеткіштің ұлғаюы өңір жолдарының одан әрі жақсаруына алып келеді деп сенейік. Айтпақшы, брифингіде Солтүстік Қазақстан облысы жайлы да сөз қозғалды. Болат Ақшолақов журналистердің сұрауы бойынша Петропавлдағы 2-Жылу электр орталығындағы жағдай туралы баян етті.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:
– Станция жұмыс істеп тұр. Мұржа құлаған кезде тек бірнеше қазандық істен шықты. Арнайы құрылған комиссия апта сайын орталықтағы шаруаны бақылауда. Қазір қондырғылар қалыпқа келтіріліп жатыр. Алдағы қыста қуат ошағы 1 мұржасыз жұмыс істейді. Қаладағы нысандарды 10 қазандық жылытады.

10 қазандықтың шамасы жетеді ме? Қазір тұрғындарды осы сұрақ алаңдатып отыр. Жауапты ведомство басшысы Болат Ақшолақов қыста жылу бірқалыпты беріледі, ешқандай проблема орын алмайды деп сендірді.

Бердимурат Баймухан