Спорт

Петропавлда үздік биатлоншылар анықталды

 

Петропавлда жазғы биатлоннан жасөспірімдер арасында бастау алған ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазір үздіктер марапатталмақ. Спринт сайысында 2007-2008 жылы туған ұлдар арасында Ақмола облысының өкілі Абзал Бурхановқа тең келер ешкім табылмады. Ол додада ешқандай қателікке бой алдырмай, чемпион атаныпты. Өзіне винтовкамен нысана көздеген, алыс қашықтыққа жүгірген ұнайды екен.

 

АБЗАЛ БУРХАНОВ, жазғы биатлоннан Қазақстан чемпионы, Ақмола облысы

– Атуға келген кезде кішкене жүгіруді төмендету керек. Себебі, пульспен қиын болады. Ал жоғарыға көтеріліп бара жатқанда жылдамдықты қосу керек. Бүгін эстафетада 3 шақырым жүгірдік.

 

Ақтық сынға еліміздің түкпір-түкпірінен және Моңғолиядан келген 100-ден аса спортшы қатысыпты. Мұнда үздік командалар анықталған екен.

 

ИГОРЬ ИЛЬИН, Қазақстан биатлоншылар одағы балалар спортын дамыту басқармасының вице-президенті:

– Жалпы, жарысқа 13 пен 18 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Оларды жекелей және жалпыкомандалық есеп бойынша марапаттадық. Бүгін кіші жастағы балаларға жүлде үлестірілсе, үлкендерге кеше берілді. Чемпионат жоғары деңгейде өтті дей аламын.

 

Енді 4 күнге созылған жарыстың қорытындысын жіпке тізейік. Бүгінгі эстафетаның нәтижесі бойынша 2009-2010 жылғы балалар арасында Шығыс Қазақстан облысының құрамасы жалпыкомандалық есепте чемпион атанды. Ал ересектер арасында Ақмола облысының ұл-қыздары топ жарды.