Мәдениет

«Sensitive» би театры АҚШ-тан бас жүлдемен оралды

Тарихи жеңіс! Әлемдік додада бас жүлде еншілеген С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының «Sensitive» би театры өңірге оралды. Шетелдіктерді өнерлерімен тәнті еткен ұжымды петропавлдықтар теміржол вокзалынан құшақ жая қарсы алды.

Перронда жерлестерімізді қолдарына шар мен құшақ-құшақ гүл ұсатаған туған-туыстары, дос-жарандары мен жанкүйерлері күтіп тұр. Бірер минуттан соң пойыз дыбысы естілді.

Пойыз тоқтап, вагонның есігі ашыла салысымен жұртшылық жеңімпаздардың құрметіне шапалақ соқты. Естеріңізге сала кетейік, өңіріміздің, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген жергілікті «Sensitive» би театры жуырда ғана АҚШ-тың Калифорния штатындағы Анахайм қаласында сәтті өнер көрсетті. Нақтырақ айтсақ, Орындаушылық өнер түрлерінің дүниежүзілік чемпионатында әлемнің 72 мемлекетінен келген 3 мың талантты жанмен сынға түсті.

Ольга Ростовщикова, «Sensitive» би театрының көркемдік жетекшісі:
– Эмоциямыз деген керемет. Ел намысын осындай деңгейде қорғап, жеңімпаз атану – біз үшін зор мәртебе. Әлемнің мықтылары жиналған сайыста өнер көрсету әрине оңай болған жоқ. Бірақ, біздің ұжым – ұйымшыл, бірлігі жарасқан топ. Соның арқасында біз финалға өтіп, гран при жеңіп алдық. Шынымды айтсам, қазылар алқасы жастардың құлағының мүкісі барына сенген жоқ. Себебі, олар барлық биді кемшіліксіз орындап шықты.

Музыканы құлағымен емес, жанымен сезінетін талант иелері шетелдік сахнада 3 бірдей қойылым ұсынып, қазылар алқасын тәнтті еткен. Танго, самбо және қазақтың ұлттық биі. Соңғысын жастар финалда көрермендерге ұсыныпты. Қатысушыларға бар-жоғы 1 минут берілген екен. 60 секунттың ішінде көздің жауын алатын костюм киген өнерпаздар таңдай қақтыра билепті.

 Айнұр Саинова, «Sensitive» би театрының мүшесі
– Біз әлем чемпионатында Петропавлдың ғана емес, бүкіл Қазақстанның намысын қорғадық. Бұл – өте үлкен жауапкершілік. Сондықтан, барымызды салдық. Таңертеңнен кешке дейін үзіліссіз дайындалдық. Гран-при жеңіп алғанымызға басында сенбедік. Сол сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Бізді қолдап, қолпаштаған жандарға алғыс білдіреміз.

Қызының қуанышмен бөлісуге келген Айнұр Саинованың анасы да өз эмоциясымен бөлісті.

Күлбаршын Әубәкірова, ата-ана
– Бүгін өте қуанышты күн. Біздің балаларымыз әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, дүниежүзілік сайыста бас жүлдеге ие болып жатыр. Біз бірінші күннен балаларымызға тілеуші болдық.

Сөз соңында айта кетейік, «Sensitive» би театрының мүшелері АҚШ-та өткен әлем чемпионатында ұжымдық байқаудан бөлек, жеке байқауларда да сынға түсті. Нәтижесінде Артем Радица ерлер модельдері арасындағы сайыста Гран-при жеңіп алды. Талант иесіне АҚШ-тың 3 бірдей модельдік агентігінен ұсыныс түсіпті.

Дана Ешкенова