Спорт

Петропавлда муайтайдан ел біріншілігі өтіп жатыр

Петропавл төріндегі дүбірлі дода. Облыс орталығында муайтайдан ел біріншілігі өтіп жатыр.

Жарыс шымылдығын 57 келі салмақ дәрежесіндегі спортшылар ашты. Қазір ортада атыраулық Нұрлыбек Ордабаев пен алматылық Айбар Махамбет өзара мықтыны анықтау үстінде. Қос спортшы да ринг төрінде аянбауда. Бір-біріне қол-аяқпен түрлі соққылар жұмсап, ұпай жинауда.

Кездесу тағдырын атыраулық Нұрлыбек Ордабаев 2-ші раундта өз пайдасына шешті. Спортшы ринг шетінде қарсыласын қыспаққа алып, алматылықты жойқын соққылармен тізе бүктірді.

НҰРЛЫБЕК ОРДАБАЕВ, жарысқа қатысушы, Атырау облысы
– Жарысқа дайындығым жақсы болды. Бәрі ойдағыдай өтті. Қарсыласым да жақсы дайындықпен келіпті. Чемпионатқа чемпион боламын деп келдім. Сондықтан, тек жеңістен үміттімін.

Келесі болып рингке алматы облысының мықтысы Ернат Смағұлов пен атыраулық Қаламғали Садуақасов шықты. Дене пішіні жағынан атыраулық спортшы басымдыққа ие. Оның қарсыласынан қарағанда қолы да, бойы да ұзын. Бірақ, оңтүстік өңірдің спортшысы ширақ көрінеді.

Айтып ауыз жиғанымызша кездесу тағдыры шешілді. Бұл бәсекеде Алматы облысының спортшысы айқын басымдықпен ұтты. Саңлақ қарсыласын бір соққымен сұлатып салды.

ЕРНАТ СМАҒҰЛОВ, жарысқа қатысушы, Алматы облысы
– Алғашқы кездесуім оңай болмады. Қарсыласым мықты екен. Бойы да ұзын. Арақашықтықты қысқартып жүру керек болды. Сол жағы аз да болсын өзінің кері әсерін тигізді. Бірақ, соған қарамастан ұттым.

Шаһар төріндегі жарыста спортшылар 14 салмақ дәрежесі бойынша тамыздың 6-сына дейін күш сынасады. Айта кетейік, бұл жарысқа 7 команданың 60-қа жуық муайтайшысы қатысуда. Додада оза шапқан мықтылар қыркүйекте Түркия елінде өтетін әлем біріншілігіне жолдама алады.

Алдияр Айтпаев