МТРА жаңалықтары

Биыл «i KOMEK» орталығына 25 мыңнан астам өтініш келіп түскен

Білім, медицина, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы. «i KOMEK» ситуациялық орталығына күн сайын түрлі салаға қатысты 200-ден астам қоңырау келіп түседі. 3 жыл бұрын ашылған орталықта қазіргі уақытта 3 оператор мен 2 сарапшы жұмыс істейді. Мамандар тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап, сол бойынша әрекет етеді.

ЕРНАР БАЙСЕЙІТОВ, «i KOMEK» ситуациялық орталығының жетекшісі:
– Жыл басынан бері біздің ахуалды оталыққа 25 мыңнан астам өтініш келіп түсті.  Сағат таңғы 9-дан келесі күнгі таңғы 9-ға дейін жұмыс атқарылады. Күніне 200-ден астам қоңырау келіп түседі. Оның 80 пайызы бір қоңыраудан, яғни бірден шешіледі. Өтініштерді талдау барысында тұрғын үй-шаруашылық сұрақтары бойынша және жол инфрақұрылымы бойынша сұрақтар келіп түседі.

Орталықта 2 желі бар. Мәселен, бұл – бірінші қанаттың мамандары. Олар тұрғындардың бұйымтайын телефон немесе әлеуметтік желі арқылы қабылдайды. Азаматтың айтқанына құлақ асып, мәселені шешуді жалғастыра отырып оны екінші желіге тапсырады.


ЕРНАР БАЙСЕЙІТОВ, «i KOMEK» ситуациялық орталығының жетекшісі:
– Екінші линия осы өтініштерді баптап, жауапты мамандарға жібереді. Жауапты мамандар өз тарапынан ол өтініштерді орындаған соң ары қарай бізге қайтарады. Кейін өтініш берген адамдарға өзіміз хабарласып, жауабын айтамыз.

Орталық мамандары қоңырау қабылдап қана қоймай, қаланы бақылаумен де айналысады. Ойын алаңдары, тұрақтар мен аялдамаларға бағытталған камера жазбалары осында келіп түседі. Бір жерде келеңсіз жағдай туындап қалды ма қызметкерлерге дереу құзыретті органға хабарласады.

МАРИЯ БАСКИНОВА, «i KOMEK» ситуациялық орталығының инспекторы:
 – Пандемия кезінде қиын болды. Қоңырау өте көп түсетін. Біз үлгере алмай жатқандықтан өзге құрылымдағы қызметкерлер келіп көмектесті. Қазір тиышталды. Дегенмен, тұрғындардың өтініш-тілектері, арыз-шағымдары әлі де баршылық. Кейде қарапайым сұрақтар да болады. Мәселен, телефон қызметі үшін аударған төлемі діттеген жерге түспесе де бізге хабарласатындар бар. Біз оларды сол мәселемен айналысатын мамандарға жолдаймыз.


Айта кетейік, маусым айынан бері «i KOMEK» ситуациялық орталығының мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Ол AIKEY 109 деп аталады. Бұл қосымша арқылы тұрғындар өз өтініштерін қалдыра алады.

Самал Жунусова