МТРА жаңалықтары

Әскердегі цифрландыруды дамыту және жетілдіру

Қорғаныс министрлігінде автоматтандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жайында бүгін орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингіде ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлім етті. Оның айтуынша, бұл жұмыс ведомство құрылғаннан бері жүргізіліп жатыр. Негізінен, цифрландырудың алғашқы кезеңі 2011 жылы бастау алға. Дәл сол жылы «Әскерлерді, қару-жарақты, ресурстарды басқарудың автоматтандырылған жүйелерін құру және енгізу» деп аталатын бюджеттік инвестициялық бағдарлама қабылданды.

Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
–  Жоба аясында атқарылған жұмыстар аясында белгілі бір оң нәтижелерге қол жеткізілді. Мысалы, мемлекеттік қызметтердің 93%-ы электронды форматқа көшірілді. Бірқатар ақпарат жүйелері әзірленді. Соның ішінде адами және материалдық ресурстарды есепке алу ақпараттық жүйелері әзірленді, коммуникациялық инфрақұрылым, киберқауіпсіздік бөлімшесі, киберқауіпсіздік саласында әскери мамандарды даярлау мен біліктілігін арттырудың көпдеңгейлі жүйесі құрылды. Атап айтқанда, бакалавриат, магистратура, біліктілікті арттыру курстары.

Бұл жетістіктердің бір парасы ғана. Алайда, шешімін табуды қажет ететін мәселелер аз емес. Солардың бірі: «Әскерлерді, қару-жарақты, ресурстарды басқарудың автоматтандырылған жүйесін құру және енгізу» бағдарламасының толық іске аспауы. 2011 жылы бұл бағдарламаға бюджеттен 93 млрд теңге көзделген болатын. Бүгінге дейін аталған қаражаттың 35 млрд-ы ғана, яғни 37,6%-ы игеріліпті.

Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
–  Бұдан басқа да себептер бар. Соның салдарынан министрлікте бірқатар пролемалар туындады. Атап айтқанда, бүгінде ақпараттық жүйелер әртүрлі стэктерде жазылған, интеграциялауға келмейді. Сондай-ақ, арнайы телекоммуникация желісі жоқ. Бір әскери бөлім екінші бөліммен толық қарым-қатынасты қамтамасыз ете алмайды, телефон линиясы бар, бірақ үлкен пакеттер немесе басқа файлдарды жіберу үшін мұндай операцияларды жүзеге асыру мүмкін емес.

Бұдан бөлек, Қорғаныс министрлігінде ІТ мамандар тапшы. Олардың жалақысы нарықтағы мамандардың жалақысынан 3-4 есе төмен. Сондықтан, жұмыс істеп, келісім шарт біткен соң қазіргі замандағы маңызды сала иелері басқа жаққа кетіп қалады екен. Инфрақұрылым проблемасы да бар, компьютерлер, серверлер, коммутаторлар ескірген дейді Дархан Ахмедиев. Аталған мәселелерді шешу үшін ведомство өз алдына нақты мақсаттар қойып отыр. Осы орайда 5 басым бағыт айқындалды: инфрақұрылым және технологиялар, процестер мен деректер, адамдар мен дағдылар, инновациялар және киберқауіпсіздік.

Бердимурат Баймухан