МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Асар-ume” қоғамдық қорының форумы өтті

Ал баспана алуға қауқары да, қаражаты да жоқ жандарға “Асар-ume” қоғамдық қорының мүшелері қолдау білдіріп жүр. Петропавлда аталған ұйымның форумы өтті.

Айнагүл Баекенова – жалғызбасты көпбалалы ана. Нәзікжанды 6 баласымен талай жылдан бері Саумалкөлде баспана жалдап келген. Тұрған үйлерінің жағдайы да мәз емес. Екі бөлмелі аядай үйдің жиһазы жоқ. Ол ол ма, ең сорақысы тұрғын жайдың қабырғаларынан қыста жел соғып, суық тартқан екен. Азаматшаның жан қайғысына айналған үй мәселесі бүгін шешімін тапты. “Асар-ume” қоғамдық қорының өкілдері баспана алу үшін Айнагүл Баекеноваға 8 млн теңгенін сертификатын табыстады. Еріктілер бұл сомаға келетін үйді де қарастырып қойыпты. Қоныс Саумалкөл ауылында орналасқан.

АЙНАГҮЛ БАЕКЕНОВА, көпбалалы ана
– Қуаныштымын. Айтарға сөзім жоқ. Өте қатты ризамын. “Асар-ume”-ге көмек қолдарын созғаны үшін көптен-көп рахмет. Бұған дейін 2 бөлмелі үйде тұрдық. Ай сайын 30 мың теңгеден төледім. Қыстыгүні одан да артық, 50 мыңнан төледік.

Екінші 8 млн теңгенің сертификаты Надежда Пестоваяға бұйырды. Азаматша 5 баланы өзі жалғыз тәрбиелеп отыр. Әзірге, еріктілер нәзікжандығы лайықты баспана таппапты. Іс-шара барысында азаматшаға жаны жайсаң кәсіпкерлер де қол ұшын созды. Қалталы азаматтар Надежда Сергеевнаны толықтай тұрмыстық техникамен қамтамасыз етті.

Берекелі іс-шараға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова да қатысты. Нәзікжанды марафонды қолдау мақсатында солтүстік өңірге арнайы келіпті.

НАЗГҮЛ САҒЫНДЫҚОВА, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі
–  Бұл қайырымдылық қорының мақсаты – мұқтаж адамдарға көмек қолын созу. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы жылы “Халықтың табысын арттыру” бағдарламасы қабылданды. Сол бағдарлама аясында бірқатар шаралар көзделіп отыр. Оның ішіне жаңа жұмыс орындарын құру, жалақыны жоғарылату, т.б жүйелі шаралар кіреді. Жаңа Қазақстанды құрудағы мемлекет пен қоғамның тығыз байланысы – мінекей, бүгінгі іс-шараның жарқын көрінісі.

“Асар-ume” қоғамдық қорына биыл – 3 жыл. Осыған орай еріктілер 16-шы шілде күні ерекше бастаманы қолға алған. Нұр-Сұлтаннан басталған іс-шара ауқымы 20 қаланы қамтымақ. Жақсылық жасауға жаны құмар жандар 20 мың шақырымды жүріп өтпек. Ондағы мақсат – халықтың тұрмыс-тіршілігін арттыру мен көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу. Айта кетейік, тур басталғалы қор қазынасына 69 млн теңге қаражат жиналған.

АСХАТ НҰРМАШЕВ, “Асар-ume” қоғамдық қорының президенті
–  Бұл қаражатқа біз 5 отбасыға үй сыйладық. 3 отбасыға кәсіп бастап оны дамытуға көмек көрсеттік.
Біздің мақсатымыз – тек қана баспана сыйлау ғана емес, көпбалалы аз қамтылған отбасылардың ұл-қыздарына біліммен көмектесу, жұмыспен қамтамасыз ету және кәсіп ашуға көмектесу. Бір қаладан екінші қалаға үлкен сыйлықтарды жеткізуді де дәстүрге айналдырдық. Көкшетаудан 37 млн жиналды. Ол ақшаға жергілікті екі отбасыға үй сыйлап, тағы екі баспана қаржысымен Петропавлға келдік.

Жалпы, “Асар-ume” қоғамдық қоры өз жұмысын бастағалы 7 солтүстікқазақстандық отбасы үйлі болған. Айта кетейік, Петропавлдан кейін еріктілер Қостанай қаласына ат басын бұрып, одан кейін Батыс Қазақстанға бет алмақ.

Алдияр Айтпаев