Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің екі орынбасары қызметтерінен босатылды

Өңір жетекшісінің орынбасарлары екеуге қысқарды. Кімдер қызметтерінен босатылды? Бұл сұрақтың жауабын бірқатар атқамінер мен тілшілер әкімдік қабырғасында өткен жиында аймақ басшысынан естіді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ғани Сақтағанұлы мен Тимур Сламжанұлы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік аппаратты оңтайландыруға байланысты облыс әкімі орынбасары қызметтерінен босатылды. Жігіттерге алғысымызды айтқым келеді.

Қос атқамінер облыс үшін аянбай тер төкті. Әсіресе, аяқтан шалып, алқымнан алған пандемия кезінде бел жазбай жұмыс істеді. Ерен еңбек елеусіз қалмады. Құмар Ақсақалов әр азаматқа Құрмет грамотасын табыс етті.

Ғани Нығыметов теріскейде 2 жылдан астам еңбек етті. Солтүстік Қазақстан – азаматтың облыс әкімінің орынбасары ретінде жұмыс істеген алғашқы өңірі.

ҒАНИ НЫҒЫМЕТОВ
– Әріптестер, сіздерге өте ризамын. Алғыс айтамын. Қызылжарға үлкен рахмет. Бұл – киелі өңір. Осы жерде өсіп, өндім. Тәжірибе жинадым. Қайда жүрсем де әрдайым солтүстікті жүрегімде ұстап жүремін.

Ал Тимур Сұлтанғазиев облысымызда денсаулық сақтау басқармасының басшысы және өңір жетекшісінің орынбасары қызметтерін атқарды. Бұл білікті маман да бірлесе жұмыс істіген жандарға зор алғысын білдірді. Өз кезегінде Ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов жиналғандар атынан жылы лебізін білдірді.

КЕМЕЛ ОСПАНОВ, СҚО ішкі саясат басқармасының басшысы:
–  Елге атқарар еңбектеріңіз еселі болсын! Мерейлеріңіз үстем болсын! Ақ жол”!

Енді облыс әкімінің орынбасары қызметін 3 азамат атқарады. Олар: Марат Тасмағанбетов, Сәтжан Аблалиев және Дәурен Жандарбек.


Байболат Култанов