МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қолдаудың аясында кәсібін кеңейткен нәзікжанды

Мемлекеттік қолдаудың аясында кәсібін кеңейткен нәзікжанды. Зарина Мавляни есімді жерлесіміз қазақы үлгідегі киім тігумен айналысады. Қазіргі күні іскер жанның жеке сән үйі бар. Мұнда ол қала тұрғындары мен қонақтарына таптырмас қызмет түрін ұсынып отыр. Яғни, тапсырыс бойынша кез келген дизайндағы киім тігіп бере алады.

Зарина Мавляни, кәсіпкер:
–  Біз аптасына тойға арнап тапсырыспен 4-5 көйлек тігеміз. Қыздардың ұзатуына да киім дайындаймыз. Тауардың дизайнын клиентпен ақылдаса отыра құрастырамыз. Сонымен қатар, облысымыздан бөлек бізге еліміздің басқа да қалаларынан тапсырыс түседі. Киімдердің сапасы жақсы. Маталарды Түркия елі мен Дубай қаласынан аламыз.

Тігіншілік кәсіпті Зарина осыдан 8 жыл бұрын бастаған. Ұзақ уақыт тәжірибе жинақтаған соң ісін кейтуді жөн көреді. Осылайша былтыр «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 млн теңге грантқа ие болған екен. Қолға түскен қаржыға ол киім тігуге арналған түрлі станоктар сатып алыпты. Қазіргі күні мұндағы тауарларға тапсырыс көптеп түседі. Мәселен, Бағлан Бақытжанова есімді жерлесіміз Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Возвышенка ауылынан осында арнайы келіпті.

Бағлан Бақытжанова, Возвышенка ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:
– Қызым 1 жасқа толайын деп жатыр. Туған күнін тойламақшымын. Осы жерден қызыма көйлек сатып алдым. Дизайны ерекше екен, басқаларға ұқсамайды. Тауар көңілімнен шықты.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:
– Сән үйінің басқа орындардан ерекшелігі мұнда келген адам өзіне ұнаған ұлттық киімді таңдаған соң дәл осы жерде визажистің қызметіне жүгіне алады. Кейін арнайы зонаға өтіп, түрлі қазақы үлгідегі кәсіби фотосессия жасауына болады.

Қазіргі күні Зарина 7 адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Алдағы уақытта қатарға тағы бірнеше қызметкер қоспақ. Жалпы, былтыр облысымызда мемлекеттік қолдау аясында 50-ге жуық іскер жан кәсібін кеңейткен.


Бердимурат Баймухан