МТРА жаңалықтары

Медициналық мекемелерде тексерістен өтпеген аппараттар қолданылған

Облыстағы медициналық мекемелерде тексерістен өтпеген аппараттар қолданылған. Бұл жайында техникалық реттеу және метрология департаменті жүргізген тексеріс кезінде белгілі болды. Жыл басынан бері аталған мекеме мамандары өңірдегі емханалар мен ауруханалардан олқылығы бар 100-ге жуық аспап тапқан.

ВАДИМ МАРШАКОВ, ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Құрылғылар белгіленген шарт бойынша тексерістен өтпеген және өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесі тізіліміне енбеген. Анықталған құрылғылардың арасында термометр, пульсометр, тонометр, электрокардиограф пен УЗИ-аппаратуралары секілді басқа да дүниелер бар. Бұл аспаптардың көрсеткішіне сүйеніп адам емдеуге болмайды.

Қазіргі күні аталған бұзушылықтар департамент тарапынан қаралуда. Алдағы уақытта олқылыққа жол берген мекемелерге 230-дан 1600 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ, техникалық реттеу және метрология депатарментінің мамандары автокөлік құралдарын сынау орталықтарының бірінде де болған. Белгілі болғандай, орталық қызметкерлері көліктерді ережеге сай тексерістен өткізбей иелерінің қолына дайын құжатты ұстата берген.

ВАДИМ МАРШАКОВ, ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
–  Көліктің рөлін оң жақтан сол жаққа ауыстырып болған соң немесе машинаның конструкциясына басқа да өзгерістер енгізілгеннен кейін оны техникалық байқаудан өткізу керек. Ал заң бұзған орталықтың мамандары оны жасамай, көлікті пайдалануға рұқсат беріп отырған. Акредиттеу субьектісіне 597 мың теңге айыппұл салып, жұмысын 6 айға шектедік.

Сонымен қатар, сауда орындарында да біраз кемшілік әшкереленген. Дүкендердің кейбірінде құжатсыз және маркаланбаған техникалық тауарлар сатылған. Кәсіпкерлер осы әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Бердимурат Баймухан