Спорт

«Qulager» ХК жаңа маусымға дайындалуда

Жергілікті имек таяқ шеберлері шілденің 15-сінен бері күніне 2-3 рет мұз айдынында шеберліктерін шыңдап жүр. Жинаған тәжірибелерін іс жүзінде тексеріп көру үшін спортшылар бүгін Ресейдің Қорған қаласына аттанды. Олар көрші елдің хоккейшілерімен жолдастық кездесу өткізбекші

ВЛАДИМИР КАПУЛОВСКИЙ, «Qulager» ХК бас бапкері:
– Ойыншылар арасынан негізгі құрамға іріктеп алу үшін 40 үміткерді Ресейге апара жатырмыз. Бұл бақылау матчы болғаннан кейін барлығы ойнайды. Құраманы жігіттердің шеберліктеріне қарай жасақтаймыз. Қорған қаласында біз «Зауралье» хоккей клубына қарсы ойнаймыз.

Сыннан сүрінбей өтіп, мықтылығын дәлелдеген жігіттер негізгі құраммен алдағы уақытта өтетін ел чемпионатына қатыса алады. Бұл іріктеуде бұрыннан ойнап жүрген спортшылар да барларын салмаса, командадан шығып қалуы ықтимал. Айта кеткен жөн, биыл «Qulager»-дің қатары бірнеше жаңа ойыншымен толықты. Солардың бірі – мәскеулік Егор Кудряшов есімді спортшы.

ЕГОР КУДРЯШОВ, «Qulager» ХК ойыншысы:
– Бұл клубка келгеніме 3 апта ғана болды. Жолдастық кездесуде жеңіске жетеміз деген үміттемін. Өзім көптен бері ойнаған жоқпын. Ойын барысы қиынға соғатын сыңайлы.

Ал Илья Ахметов бұрын “Зауралье” құрамасына қарсы ойнаған. Қарым-қабілеттерінен хабардармын дейді. Айтуынша, аталған ресейлік құраманың деңгейі құлагерліктермен бірдей.

ИЛЬЯ АХМЕТОВ, «Qulager» ХК ойыншысы:
–  Жолдастық кездесуге өз күшімізді таразылап, машығымызды шыңдау үшін барамыз. Барынша тәжірибе жинақтап алу керек. Жаттығуларға да ден қоюмыз қажет. Себебі, 1 айдан кейін ел чемпионатының жаңа маусымы басталады.

Хоккейшілер Қорған қаласындағы кездесулерін бүгін өткізбек. Көрші елден орала салысымен негізгі құраманы жасақтап, тамыздың 25-і басталатын ел чемпионатына қамданады.


Самал Жунусова