МТРА жаңалықтары

Халықтың табысын арттыру

 

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің орынбасарын қабылдады. Кездесу барысында Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысына халықтың табысын арттыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.
Вице-премьердің мәлімдеуінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бюджет саласындағы 850 мың қызметкердің, квазисектордың өндірістік бағытында жұмыс істейтін 240 мың және бизнес құрылымдарындағы 1,2 млн еңбеккердің жалақысы өскен. 2025 жылға дейінгі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аясында 2 млн-нан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның 444 мыңы биыл құрылмақ. 1 шілдедегі мәлімет бойынша 249 мың адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына жататын азаматтардың тұрақты табыс табуы үшін жағдай жасалуда және әйелдерді жұмыспен қамту тетігі әзірленіпті. Кездесу соңында Мемлекет басшысы халықтың табысын арттырудың маңыздылығын және мұның ұлттық жобаларда көзделген мақсаттарға қол жеткізуге тікелей байланысты екенін атап өтті. Үкіметке аталған мәселелерді ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.


Бердимурат Баймухан