Экология

Биотоған мәселесі талқыланды

 

Облыстық экология департаментінде дөңгелек үстел жиыны өтті. Отырыста биотоған мәселесі талқыланды. Сарқынды су жинақтағышына қатысты түйткіл арнайы жол картасы аясында шешілуі тиіс.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:
–  Бүгінгі таңда біздің облыс бойынша экологиялық мәселелердің бірі – атмосфераның күкіртсутегімен ластануы. Әсіресе, бұл ластану көктемде кездеседі. Біздің сарқынды суларды тазарту жүйелері 2005 жылдан бері модернизациядан өтіп жатыр. Әлі аяқталған жоқ. Оған үлкен қаражат керек.

Биотоғанды тазалау мақсатында судың ғылыми-технологиялық орталығының мамандары микробалдырларды жіберген болатын. Жұмыс біртіндеп өз нәтижесін беріп жатыр. Бірақ, бұл мәселені түпкілікті шешуге ықпал етпейді.

АЛЕКСАНДР РЕЙБАНДТ, “Судың ғылыми-технологиялық орталығы” ЖШС директоры:
– Биотоғанға жіберілген микробалдырлар, яғни, хлорелла мәселенің бір бөлігін ғана шешеді. Себебі, су қоймасы 53-ші жылдан бері тазартылмаған. Салдарынан түбіндегі шөгіндінің биіктігі 4 метрге жуықтайды. Қазір судың беткі жағы ғана тазаланып жатыр. Астындағы лай үстіне көтеріле береді.

Орталық мамандары хлорелланы биотоғанға жіберуді 2023 жылға дейін жалғастырады. Кейін бұл жұмысты “Қызылжар су” серіктестігінің арнайы оқытылған 4 қызметкері іліп әкетуі керек. Кәсіпорын бас инженерінің орынбасары Ербол Нәбиев экологиялық проблеманы шешуге ықпал ететін кәріздік-тазалау жүйесі жайында айтты.

ЕРБОЛ НӘБИЕВ, «Қызылжар су» ЖШС бас инженерінің орынбасары:
– Қайта құру жұмыстары үш кезеңнен тұрады. Соңғы кезеңі жүріп жатқан кезде белгілі бір себептер туындағандықтан тоқтатылып, жобаға 2019 жылы түзетулер енгізілуі керек болатын. Бірақ, ол іс аяқталған жоқ. Қазіргі уақытта сол жұмысты жалғастыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Осы ретте қалалық бейінді бөлімнің бас маманы Глеб Кобзенко
кәріздік-тазалау жүйесіне бұған дейін 2,5 млрд теңгеден астам қыруар қаржы бөлінгендігін айтты. Сағызша созылып кеткен жобаға нүкте қою үшін қосымша 1 млрд теңге қажет көрінеді.


Самал Жунусова