Денсаулық сақтау

Әлеуметтік сақтандырудың тиімді тұстары

 

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде әлеуметтік сақтандырудың тиімді тұстары жайлы айтылды.

Бүгінде Қазақстанда әлеуметтік қамсыздандырудың көпдеңгейлі моделі қызмет атқарады. Осы ретте әрқайсысына жеке тоқталып өтсек.

Нұрсұлу Кемел, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры
– Әлеуметтік сақтандыру жүйесі бұл әлеуметтік аударымдар төлеу арқылы қаржыландырылады. Бұл әлеуметтік төлемдерді ай сайын жұмыс берушілер жұмысшы табысының 3,5 пайызын тағайындайды. Бұл төлемдер келесі айдың 25-іне дейін кешіктірілмей төленуі тиіс.

Келесі төлем жұмысынан айырылуына байланысты төленеді. Бұл төлем 6 айдан 1 жылға дейін тағайындалады. Жұмыссыз ретінде тіркелгендер соңғы 2 жылда жұмыс берушілерден түскен әлеуметтік аударымдардың 40 пайызына дейін әлеуметтік төлем ала алады. Былтыр осындай төлемдер 60 мың азаматқа беріліпті. Сонымен қатар, мүгедектігі бар жандарға және асыраушысынан айырылғандарға бюджеттен төленетін мемлекеттік базалық жәрдемақы қарастырылған.

Нұрсұлу Кемел, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры
– Жұмыс істейтін әйелдердің мүдделерін қорғау мақсатында 2008 жылдан бастап ана мен баланы әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Бұл жүйеден 2 түрлі әлеуметтік төлем тағайындалады. Өткен жылы 225 мыңға жуық адамға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен жүктілігі және босануы бойынша төлем тағайындалды. Биыл 100 мыңнан асты. Бұл – бірреттік төлемдер.

Сондай-ақ, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда қордан ай сайынғы әлеуметтік төлем баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке-жеке тағайындалады.

Нұрсұлу Кемел, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры
– Былтырғы жылдың өзінде аталған төлем шамамен 385 мың адамға тағайындалды. Биыл бұл төлем түрі 200 мыңнан астам азаматқа тағайындалды.

Сөз соңында айта кетейік, бүгінде әлеуметтік қамсыздандыру әлеуеті композиттік қызмет арқылы жұмыс істейді, яғни, «бір терезе» қағидаты бойынша. Мысалы, жүктілік және босану бойынша төлем алу үшін egov.kz порталына немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүгінуге болады.


Дана Ешкенова