МТРА жаңалықтары

Тоқушы мектеп-гимназиясында жөндеу жұмысы жүріп жатыр

Бұл – көктемде акт залының төбесі құлаған Тоқушы мектеп-гимназиясы.
65-ші жылы салынған білім ұясы сол кезге дейін бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Нысанға өткен жылы 12 млн теңгенің ағымдағы жөндеуі жүргізіліпті. Күрделі жөндеу жұмыстары биыл қолға алынады деп еді жуырда басталып кетті.
Іске жауапты мердігер – қызылордалық “Корпорация Әлем-құрылыс” серіктестігі.
АЙБОЛ ТҮЛЕКОВ, “Корпорация Әлем-құрылыс” ЖШС учаске басшысы
–  Еден мен 2-ші қабатты істеп жатырмыз. Шатырды бастадық. 25-ші тамызға дейін тапсырамыз деген ойымыз бар. Қазір 25 адам жұмыс істеп жатыр.
Мектепті жөндеуге облыстық бюджеттен 144 млн теңгеден астам қаржы бағытталған. Бұл сомаға білім ұясының өзінде және оған тиесілі интернат қалыпқа келтіріліп жатыр, ал акт залының жағдайы әлі белгісіз. Одан қалған нысан бұзылып жатыр. Негізгі бөлікте есік-едендері жаңартылып, шатыры ауыстырылады. Жұмыстың 70 пайызы тындырылды. Мердігер оқу жылы басталғанша дейін үлгереміз дейді.
КҮЛШАРА ХАМИДУЛЛИНА, Тоқушы мектеп-гимназиясының директоры, Аққайың ауданы
– Мектепте биыл 268 бала білім алады. 28 бала интернатта тұрады. Бірінші сынып оқушыларының ата-аналарынан өтініштер қабылданып жатыр. Жаңа оқу жылында 32 бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды.
Жалпы, бүгінде облыста 27 мектепті күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Соның ішінде 20 нысанға арналған 1,9 млрд теңге  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бағытталды. Қалғаны – облыстық бюджеттен.