Құрылыс

Құрылыс саласындағы сапа мәселесі талқыланды

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде еліміздегі сәулет және қала құрылысының өзекті мәселелері туралы сөз қозғалды.

Қазақстанның Сәулетшілер одағы осыдан тура 86 жыл бұрын құрылыпты. Сол кезде сәулетшілер мен қала құрылысшылары бас жоспарларды әзірлеумен айналысты. Алайда, жылдар өтіп, қалалар қарқынды түрде салына бастаған кезде сәулет өнерінің рөлі төмендеп кетіпті. Бұл елдегі тәртіпсіз құрылысқа әкеп соқтырды дейді Қазақстан Сәулетшілер одағының президенті Серік Сұлтанғали. Сондықтан, осы күрделі мәселені шешіп әрі сәулетшілердің беделін арттыру үшін одақ мүшелері мемлекет басшысына жүгініпті.

Серік Сұлтанғали, ҚР Сәулетшілер одағының президенті:
– Азаматтарымызға баспана керек, ол неғұрлым арзан болса, соғұрлым жақсы. Бірақ, әзірленген жоба сараптамадан өтпей қалып, қалай болсын солай салынып жатса онда басқа көрініс қалыптасады. Ең өкініштісі, бұған дейін ешбір өңірде қала құрылысы кеңесі болған жоқ. Былтыр ғана Алматыда осындай кеңес өз жұмысын бастады. Ендігі мақсатымыз – еліміздің барлық өңірінде әкімдіктер жанынан қалалық кеңес құру. Оған міндетті түрде Қазақстан сәулетшілер одағының өкілдері мүшелік етеді.

Жуырда ұзақ үзілістен кейін сәулетшілер одағының съезі өтіпті. Сонда одақ басшысы сәулетші рөлін заңнамалық тұрғыда бекіту қажет деген ұсыныс білдірген.

Дана Ешкенова