МТРА жаңалықтары

Биыл мемлекеттік қызметке 278 адам қабылданған

Мемлекеттік қызметшілерге жоғары талап қойылған. Себебі, онда тек лайықты және білімді адамдар жұмыс істеуі тиіс. Қазіргі уақытта өңірде 4 мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингі барысында айтылды. Мемлекеттік қызмет істер агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненконың айтуынша биыл мемлекеттік қызметке 278 азамат қабылданған.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Ағымдағы жылы мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу үшін тестілеуден өтуге 1500-ден астам адамнан өтініш келіп түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Өтініш білдіргендердің 31 пайызы тиісті талапқа сай болды. Нәтижесінде 300-ге жуық азамат мемлекеттік қызметші атанды.

Елена Степаненконың сөзінше, мемлекеттік қызметке жұмысқа тұру үшін азаматтар 3 кезеңнен сүрінбей өтулері тиіс. Сынақ түрлері: тестілеу, эссе жазу мен адамның жеке қабілетін бағалау. Брифинг барысында ведомство басшысы әдеп жөніндегі кеңесінің жұмысына да тоқталып өтті.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Қадағалау жұмыстарының барысында 100-ден аса бұзушылық анықталды. Өткен жылы Әдеп кодексін бұзған 11 мемлекеттік қызметші жауапқа тартылды. Биыл мемлекеттік қызметке кір келтірген 7 адамға қатысты шара қолданылды.

Бүгінгі таңда аудан және қала әкімі аппараттарында кәсіби ішкі бақылау қызметтері құрылған. Ұйым өкілдері 100-ден аса бақылау шарасын жүргізіп, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңын бұзудың 200-ден аса фактісін анықтаған.


Самал Жунусова