МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандықтар Сібір агротехникалық көрмесіне қатысты

Кеше ғана көрші Ресейдің Омбы қаласында ауылшаруашылығы көрмесі өтті. Ауқымды шараға Беларусь елі мен Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы делегация қатысты. Қонақтарға орыс ағайындар өздерінің алдыңғы қатарлы техникалары мен ауылшаруашылығында пайдаланып жүрген өнімдерін көрсетті.

Хайнолла Сматов, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:
–  Солтүстік Қазақстаннан бөлек көрмеге Павлодар облысынан да делегация қатысты. Бір сөзбен айтсақ, көрмеде көрсетілген өнімдер біздің көңілімізден шықты. Себебі, Ресейдің ең озық тұқым шаруашылықтары біз барған Омбы қаласында орналасқан. Тағы бір таңқаларлығы, қазіргі күні Омбы агротехнологиялық институтының ғалымдары көпжылдық бидай сортын дайындау үстінде екен. Алдағы уақытта бұл өнімді біз де пайдалана аламыз.

Сонымен қатар, жерлестерімізді Ресейдегі жұмыртқаны терең өңдеу технологиясы және мал шаруашылығына қажеті қондырғылар қызықтырған екен. Осы орайда солтсүтікқазақстандық делегация ресейлік әріптестерімен жан-жақты келісім жасасыпты. Меморандум аясында Қазақстанға жаңа техникалар, элиталық тұқымдар мен минералды тыңайтқыштар түрлі жеңілдікпен әрі уақытылы жеткізіліп отырмақ.

Сейіт Нәбиев, «BayDala» ЖШС коммерциялық директоры:
–  Біздің компания өз кезегінде Ресейдің ірі минералды тыңайтқыш өндірушілерімен келісімшартқа отырды. Олар енді Қазақстанға көп мөлшерде тауар жеткізеді. Бұл өнімнің шығымдылығы мен топырақтың құнарлылығын арттыруда өте маңызды. Қазіргі күні біз еліміз бойынша жылына 60 мың тоннадан аса минералды тыңайтқыш жеткіземіз. Бұл көрсеткіш тағы да артады.

Жалпы, солтүстікқазақстандық мамандар Ресейдің 10-нан аса ірі компаниясымен меморандум жасасқан.


Бердимурат Баймухан