МТРА жаңалықтары

Қоғамдық кеңестің отырысы өтті

 

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында бірнеше мәселе қаралды.

Алғашқысы – мамандар даярлау және жастарды еңбекпен қамту мәселесі. Бұл жайында Қозыбаев университеті академиялық қызмет департаментінің директоры Майра Валиева біртілді баяндама жасады.

Майра Валиева, Қозыбаев университеті академиялық қызмет департаментінің директоры:
– Өткен жылы біздің университетке 1440 бала оқуға түсті. Бүгінде оның 1307-і бакалаврда, 125-і магистратурада білім алуда. Докторантураға 8 адам түскен болатын. Былтыр университетке жалпы 915 грант бөлінген болатын. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 21 пайызға кем.

Жуырда ғана жергілікті университеттен 2 мыңнан астам түлек түлеп ұшқан. Жалынды жастардың бір бөлігі қолдарына диплом ала сала жұмысқа тұрған. Нақтырақ айтқанда, 440 түлек екі қолға бір күрек тапты.
Ал 2021 жылы жоғары оқу орнын 1830 жас тәмамдаған екен. Бүгінде олардың 78 пайызы жұмысқа орналасқан.

Айгүл Сәдуақасова, Қозыбаев университетінің әдіскері
– Оқу бітірушілерді жұмыспен қамту мәселесі бізде бірінші кезекте. Университет барлық басқармалармен, кәсіпорындармен бірлесе жұмыс жасайды. Аталған мекемелерге сұраухаттар жолданады бос орындар жайлы. Бұдан бөлек жастар бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысады.

Қоғамдық кеңестің отырысы барысында “Радуга” серіктестігінің бас директоры Дмитрий Шарапаев сөз алып, жас кадрларды даярлауға қатысты өз пікірін білдірді. Кәсіпкердің сөзінше, бүгінде оның өндіріс орнында 40 жастан асқан жұмысшылар ғана еңбек етеді. Басым бөлігінде жоғары білімі жоқ. Өндіріске жас білікті мамандар ауадай қажет дейді. Оның өзінде бір гәп бар.

Дмитрий Шарапаев, “Радуга” ЖШС бас директоры:
– Жоғары оқу орнын тәмамдағандардың көбісінде жұмысқа деген икемдері жоқ. Себебі, олар тек теориямен шектеліп қалған. Сондықтан, мен оқу барысында өндірістік тәжірибеге басымдық берген дұрыс деп ойлаймын. Сонда ғана біз тәжірибелі, білікті маман даярлап шығарамыз. Өз кезегінде жастар да жұмыс іздеп әлек болмайды. Олар бірден екі қолға бір күрек табады.

Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері Дмитрий Шарапаевтың ұсынысын қарастыру жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ, отырыста қаладағы аялдамалардың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлылығы жайында мәселе қаралды.

Татьяна Береская, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
– Қаладағы 386 аялдаманың 60%-ы мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы етіп жабдықталған. Сондай-ақ, қоғамдық көлік аялдамаларында арбаға жүретін жандарға арналып пандустар орнатылған.

Татьяна Береская баяндама барысында жергілікті автовокзалға да тоқталып өтті. Сөзінше, 2 жыл бұрын реконструкциядан өткен Петропавл қаласының автовокзалы бүгінде халықаралық стандарттарға 100 пайыз сәйкес келеді. Яғни, аталған нысанда мүмкіндігі шектеулі адамдардың жүріп-тұруына еш кедергі жоқ.


Дана Ешкенова