МТРА жаңалықтары

Өңірде шөп шабу науқаны басталды

Қыстың қамын жаз ойла. Облыста малға жем-азық дайындау науқаны басталды. Солтүстікқазақстандықтар бүгінде жаздың әр күнін тиімді пайдалануға тырысуда. Қазір біз Қызылжар ауданындамыз. Мұнда алғашқылардың бірі болып «Петерфельд-Агро» серіктестігінің пішеншілері шабындыққа орақ салған. Мамандар мал азығын дайындау үшін биыл эспарцет пен судан шөбін егіпті.

Корней Шевченко, «Петерфельд-Агро» ЖШС бас агрономы, Қызылжар ауданы:
– Біздің шаруашылықта 4,5 мың бас асыл тұқымды ірі қара бар. Оларды қыста азықтандыру үшін 16-20 мың тонна пішендеме мен 30 мың тоннадай сүрлем дайындау керек. Қазіргі күні 480 тонна шөп шауып алдық. Күзге дейін 1 мың тоннаға жеткіземіз. Маңызды науқанға 30-дан аса техника жұмылдырылды.

интершум 141, 0011

Биыл жауын-шашын молынан түсіп, шөп те жақсы көтерілді дейді ауылдағы ағайын. Мыңғыртып мал өргізген ірі қожалықтардан бөлек жеке шаруалар да жауапты кезеңге білек сыбана кірісіп кеткен екен. Санат Садриев қазір өз ауылының маңында тракторымен қыстың қамын жасап, қызу тірліктің басында жүр. Азамат берекелі жаздың қолайлы кездерін тиімді пайдаланып қалғанымыз жөн дейді.

Санат Садриев, Петерфельд ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
–  Жауын биыл молынан жауды. Шөп бар, егін де жақсы көтеріліп жатыр. Өзім мал ұстаймын, соған азық дайындап жүрмін.

Қазіргі күні Қызылжар ауданында 70-ке жуық ауыл мен 15 мың 486 үй бар. Олардың 4 мыңға жуығы мал ұстайды. Аудан тұрғындарын жем-шөппен қамту үшін 95 мың тонна азық қажет.

Дәурен Шақанов, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
– Биыл ауданымызға 80 мың тоннаға жуық шөп керек. Қазіргі күні оның 8,5 мың тоннасын жинап үлгердік. Шаруалар жұмысқа енді кірісіп жатыр. Қосымша пішендеме де дайындап жатырмыз. Қысқа дейін оның 3 мың тоннасын әзірлеу керек. Жалпы, бүгінде ауданымызда 25 мың ірі қара, 37 мыңдай ұсақ мал мен 7,5 мың жылқы бар.

Биыл жаз берекелі болғандықтан тұрғындарға мал азығы арзан бағамен сатылады дейді мамандар. 1 тонна шөп үшін солтүстіктікқазақстандықтар шамамен 15 мың теңге ғана төлемек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 мың теңгеге арзан екен. Жалпы, биыл облыс бойынша 870 мың гектар шөп, 195 мың гектар пішендеме мен 2 мың гектарға жуық басқа да жем-азық түрлері орылмақ.


Бердимурат Баймухан