МТРА жаңалықтары

Арнайы экономикалық аймақтар мен оларды дамыту жайында

Ағымдағы жылдың басында мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын сынға алған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше экономикалық аймақтардың көпшілігі инвестиция әкелу ісінде тиімді бола алмады. Ал оларға шамамен жарты триллион теңге көлемінде салықтық ынталандыру шаралары берілді, бірақ, сол қолдаудың қайтарымы болмады. Осыған орай Президент бейінді министрлікке ең алдымен бюджеттегі тиімсіз әрі шығыны көп жобаларды анықтап, одан түбегейлі бас тартуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Кейінгі үш жылда еркін экономикалық аймақтарда өндірілген тауарлардың көлемі жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайызынан да аспайды. Ал олардың экспорттық үлесі тіптен жалпы ел экспортының 0,1 пайызына ғана тең. Осы мәселені реттейтін кез келді. Жаңадан тағайындалған индустрия министрі бұл түйткілдің шешімін табады деп ойлаймын. Еркін экономикалық одақтардың басшылығы пайдалы әрі тиімді жобаларды жүзеге асыруға құлықты емес. Олардың әкімшіліктерін тәртіпке шақырыңыздар. Заңға өзгеріс енгізуден бастап қажетті шараның бәрін қабылдаңыздар. Іштен және сырттан инвестор тартыңыздар.

Қазіргі күні Президент тапсырмасына сай жан-жақты талдау жүргізіліп, біраз жаңашылдық енгізіліп жатыр. Атқарылып жатқан шаруалар мен жоспарларды кеше ғана Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов мәлім етті. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Ілияс Оспанов алдымен АЭА-дың жұмысына тоқталып, ондағы кәсіпкерлер үшін жасалатын жағдайларды атап өтті.

Ілияс Оспанов, ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің төрағасы:
– Бүгінгі таңда ел аумағында 13 АЭА жұмыс істейді. Олар еліміздің барлық өңірлерінде бар десек болады. АЭА қатысушылары үшін арнайы жеңілдіктер ұсынылады. Онда жұмыс істейтін кәсіпкерлер салық төлемейді, кедендік баж төлеуден босатылады және оларға мемлекет тарапынан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы тартылған дайын өндірістік алаң ұсынылады. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін тарту мүмкіндігі беріледі.

Бүгінгі таңда отандық арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін іске асыруға кедергі келтіретін мәселелер бар екен. Біріншісі – АЭА инфрақұрылымы құрылысының аяқталмауы. Бұл проблеманы шешу үшін АЭА құрамынан инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген аумақтарды алып тастау жоспарлануда. Бұл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға және құрылысы басталған объектілерді аяқтау мақсатында қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ілияс Оспанов, ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің төрағасы:
– Келесі мәселе – АЭА-да нақты бір сала бойынша даму жоспарының болмауы. Әр аймақ экономиканың белгілі бір саласы бағытында құрылғанымен уақыт өте келе нәтиже бермеді. Қазір біз кейбір АЭА үшін бейінді емес қызмет түрлерін алып тастауды жоспарлап отырмыз. Бұл аймақтың барлық әлеуетін үлкен әлеуметтік-экономикалық тиімділігі бар өнеркәсіптік жобаларға шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақтарда орналасу үшін кәсіпкерлер көптеген ұзақ мерзімді бюрократиялық кідірістерге тап болатын көрінеді. Соның салдарынан қазақстандық нарыққа қызығушылық танытқан инвесторлардан айырылып қалып жатырмыз. Мұның алдын алу үшін кәсіпкерлермен келісудегі кейбір қызмет түрлері алынып тасталмақ. Брифинг барысында Ілияс Оспанов мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру бойынша Жол картасы әзірленгенін де атап өтті.

Ілияс Оспанов, ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің төрағасы:
– Құжатты әзірлемес бұрын терең талдау жасадық. Бірнеше ай бойы өңірлермен, Президент Әкімшілігімен, еліміздің экономикалық блогымен және бірінші кезекте АЭА-ға мүдделі кәсіпкерлермен тиісті жұмыс жүргізілді. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның негізгі түрлерін тартып, дайын өндірістік үйжайлар салдық. Инфрақұрылымның аяқталуының орташа көрсеткіші 70%-ды құрайды, оның ішінде толығымен аяқталғандары – «Оңтүстік», «Инновациялық технологиялар паркі» және «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-ры.

Жалпы, отандық арнайы экономикалық аймақтарға қызушылық танытып отырған шетелдік инвесторлар көп екен. Қазіргі күні елімізде олардың қатысуымен 70 жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында 17 мың жұмыс орны құрылды. Ал тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 386,9 млрд теңгеге жетті. Бұл жайында брифинг барысында «QazIndustry» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Бопазов мәлімдеді.

Марат Бопазов, «QazIndustry» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– АЭА-да белгілі трансұлттық корпорациялар жұмыс істейді: «Alstom», «Трансмашхолдинг», «Eurocopter», «Paramount Group» және т.б. шетелдік компаниялар. АЭА-да өндірілген тауарлардың экспорт көлемі 378,8 млрд теңгені құрайды. Экспорт географиясы ТМД мемлекеттерін де, Еуроодақ пен Қытай елдерін де қамтиды. Мысалы, «Павлодар» АЭА аумағында өндірілетін қыздырылған мұнай коксы РФ мен Қытай нарықтарына, «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында өндірілетін болат құбырлар Францияға экспортталады. «Оңтүстік» АЭА аумағында өндірілетін тоқыма өнеркәсібі өнімдері Канадаға, Түркияға, Ресейге және Орталық Азия елдеріне жеткізіледі.

Жалпы, 2018 жылдан бастап елімізге инвестиция тартудың оң динамикасы байқалады дейді Марат Бопазов. АЭА аумағында өндірілген тауар өндірісінің көлемі бүгінде 5,5 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.


Бердимурат Баймухан