Білім

Оқушылардың жазғы демалысы 5 күнге қысқарады

Қазақстандық оқушылардың жазғы демалысы бес күнге қысқартылады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінде айтылды.
Бұған дейін сарапшылар оқу жылын маусымның аяғына дейін созып, 20-шы тамыздан бастау туралы ұсыныстарымен жүгінген еді. Олар Қазақстанның әлемде каникулы ең ұзақ ел екенін алға тартқан. Бізде оқушылар 130 күн демалса, басқа көптеген елде ол 80-100 күннен аспайтын көрінеді. Сонымен қатар, 5 күндік оқу аптасына көшу кезінде оқу күндері бірден 34 күнге қысқарды. Осылайша, орта есеппен біздің елдегі оқу күндерінің жалпы саны 150 күндей болады. Ал ол дамыған елдерде 200 күнге жетеді. Алты күндік режиммен оқитын көптеген мектеп жаңа бес күндік оқу аптасына көше алады. Мамандар бұл педагогтар жұмысының тиімділігін және оқушылардың ұсынылған материалды ұғу мүмкіндігін арттыратынын айтады. Сондай-ақ, бұл күрделі тақырыптарды игерудің қарқынын арттырып, оны қайталауға уақыт береді екен. ҚР мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімованың айтуынша балалар енді 1-ші маусымнан бастап демалысқа шығады. Ал жаңа оқу жылы бұрынғыдай 1-ші қыркүйекте басталды.


Бердимурат Баймухан