ТЖ

Жыл басынан бері облыста 358 өрт оқиғасы тіркелді

 

Облыста жыл басынан бері 358 өрт оқиғасы тіркелді. Былтырғы жылмен салыстырғанда өңірде өрт саны 8 пайызға азайыпты. Тілсіз жаудан 30 адам қаза тапқан, 284 млн теңгенің материалдық шығын келген. Бұл жайында бүгін облыстық ТЖД-да өткен брифингіде айтылды. Мамандардың айтуынша, тұрғындар қауіпсіздік ережелеріне салғырт қарайтын болса өрт қаупі артуы мүмкін.

АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
– Статистика бойынша өрттің 75 пайызы тұрғын үй секторында болады. Оған себеп – тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамау. Үй, монша немесе құрылыс маңында шөп сақтау қауіпті. Сонымен қатар, отынды жеке сектордан 8 метр қашықтықта сақтаған жөн.

Жыл басынан бері облыс аумағында 28 орман өрті тіркелген. Бұл былтырғы жылдан 2 есеге көп. Орманда оттың тұтануы М.Жұмабаев ауданында көп байқалған. 28 жағдайдың 8-і осы ауданда тіркеліп отыр.

АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
– Тұрғындар қауіпсіздік ережелерін елемейді. Көбіне кепкен шөпті жағып, сол күйінде қалдырып кетеді. Желдің салдарынан өрт ары қарай таралады. Сонымен қатар, өрттің Аққайың ауданының аумағынан М.Жұмабаев ауданына өту жағдайлары да тіркелді.

Жыл басынан бері М.Жұмабаев ауданында 53-тен астам өрт оқиғасы мен 76 жану фактісі тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға көп. Келтірілген шығын 30 млн теңгені құрайды. Тілсіз жау кесірінен ауданда 3 адам мерт болды. 40 жағдайда кінәлі тұлғалар анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.


Самал Жунусова