МТРА жаңалықтары

Өңірде қант тапшылығы болмайды

Қаладағы сауда орталықтарының бірі – “Северный” сауда желісі. Қазіргі таңда мұндағы көпшілік көз қуантарлық бағамен қант сатып алып жатыр. Таңда қойылған бір себет құмшекер қас пен көздің арасында жоқ болды.

БЛИЦ:
– Жолымыз болса дүкеннен қант алып кетеміз, болмаса бос кетеміз. 1 жұма бұрын осылай 1 келі алғам.
– Қант барлық жерде бар, бірақ, бағасы күйіп тұр. Кем дегенде 800 теңгеден саудалануда.

Уайымдауға еш себеп жоқ. “Өңірімізде қант жеткізуде қиындық болмайды”,- дейді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исаев. Айтуынша, өңірге жуық арада ірі көлемде құмшекер әкелінеді.

ДАНИЯР ИСАЕВ, СҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары
– Алдағы уақытта Көксу қант зауыты мен Тараздағы өндіріс орнынан 15 вагон қант жеткізіледі. Соның бір вагоны жақын арада келуі тиіс. Сондай-ақ, “Радуга” компаниясы арқылы да қант келіп жатыр. Бұл тауар түрін тұрақтандыру қорының нүктелерінен табуға болады.

Тұрақтандыру қорынан түскен қанттың келісі 350 теңге тұрады. Сондықтан, таңның атысынан күннің батысына дейін мұнда ұзын-сонар кезек. Осы ретте айта кетейік, нарықтағы сұранысқа байланысты қазіргі таңда қант бағасын негізсіз көтеріп жатқандар да бар. Мұндай фактілер анықталған жағдайда арнайы тексерулер жүргізіледі. Күдік расталған жағдайда сауда иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Алдияр Айтпаев