МТРА жаңалықтары

Мамлют ауданында этноауыл құрылды

Мамлют ауданындағы Покровка ауылында этноауыл құрылды. Кеше қазақы рухты көтеретін бастаманың ашылуы өтті. Салтанатты жиынға жергілікті жұртшылық көптеп жиналды. Оларға жезтаңдай әншілер ән шырқап, ақ жаулықты аналарымыз салт-дәстүрлерді көрсетті. Сондай-ақ, мұнда ұлттық ойындарымыз да ұлықталды.

Этноауылда 4 киіз үй тігілген. Біреуінде қонақтарға ас беріледі, екіншісінде құрметті меймандар тынығады. Ал 3-ші қара шаңырақта музей орын тепкен. Мұнда көрсетілімге ұлтымыздың ұлттық киімдері, құрал-жабдықтары мен әшекей-бұйымдары қойылған. Жалпы, бұл этноауылды осыдан 1 жыл бұрын Түркістан облысынан қоныс аударған Мөлдір Анарбекова ашқан. Анасы Жеңіскүл Жолдыбаеваның айтуынша қызының осындай ойын жүзеге асыруға мына бір киелі шаңырақ себеп болған.

ЖЕҢІСКҮЛ ЖОЛДЫБАЕВА, этноауылдың атқарушы директоры
– Әпкем Қызылорда қаласында тұрады. Ол кісінің 1-2 киіз үйі бар екен. Қартайдым, ауырып жатырмын, киіз үйлер басқа біреудің қолында кеткенше сен алсаң қалай болады деп айтты. Оның ішінде әкемнің шаңырағы бар. Сол шаңырақты қимаймын деген соң қызыма айтып көрдім. Ол маған алып беретіндігін айтты. Содан қызым жастарды қолдау сайтына кіріп, “Атамекен”-нің 2021-2023 жылғы қолдау сайтына этноауылдың бизнес планын жіберген. Бастама мемлекеттен бірден қолдау тапқан.

Мемлекет берген грант көлемі 5 млн теңгені құрайды. Бұл ақшаға Мөлдір Анарбекова 4 киіз үй алып, идеясын жүзеге асыруға кіріскен. Бүгінде міне қазақы рухты көтеретін этноауыл құрылып отыр. Айта кетейік, бұл қара шаңырақ есіктері тұрғындар үшін жазы-қысы ашық болмақ. Мұнда түрлі үйірмелер мен дөңгелек үстел жиындары өткізілмек.

ЖЕҢІСКҮЛ ЖОЛДЫБАЕВА, этноауылдың атқарушы директоры
– Әр сенбі қарттардың қатысуымен өтетін “Ата-әженің сөзі, ақылдың көзі” атты клуб ашпақшымыз. Ол тегін болады. Екінші клуб бойжеткендерге арналмақ. Ол клубты қыркүйек айынан қолға аламын. Қыс бойы қыздарды киім үй шаруасына, кесте тігуге үйретпекшімін.

Этноауылда алдағы уақытта мектеп оқушыларының ашық сабақтары да өткізілуі мүмкін. Ұйымдастырушылардың айтуынша киелі киіз үй ішінде айтылған өсиет-өнеге бойға да, ойға да сіңімді болады.


Алдияр Айтпаев